Бокстан Азия чемпионаты: Айбек Оралбай өзбек боксшысын қапы қалдырды
АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында ерлер және әйелдер арасында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Айбек Оралбай финалға жолдама алды.

Жасөспірімдер Олимпиада ойындарының (2018) және ересектер арасында 2022 жылғы Азия чемпионы Айбек Оралбай бұл жолы аса ауыр салмақта бақ сынады.
Қарсыласы, өзбекстандық Жахонгир Зокиров та жастар арасында әлем және Азия чемпионы атанып үлгерген еді.
Алғашқы екі раундта қазақстандық боксшы бойының қысқалығына қарамастан, ауыр соққыларын дарыта білді – 5:0. Үшінші кезеңде төрешілер жеңісті өзбек спортшысына бергеніне қарамастан, жалпы есеп өзгерген жоқ – 5:0.
Осылайша, бүгін жартылай финалда өнер көрсеткен 10 қазақстандық боксшының тоғызы соңғы сынға өтті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Диас Молжігітовтің финалистер қатарына қосылғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Бекзат Нұрдәулетов Азия чемпионатында финалға жолдама алды.