Бокстан Азия чемпионаты: Ерасыл Жақпеков жартылай финалға өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Ерасыл Жақпеков жартылай финалға жолдама алды.

Жақпеков 80 келіге дейінгі салмақта қырғызстандық Сағын Сатыбалды уулымен қолғап түйістірді. Бірінші раундта қырғыз боксшысы төрешілер шешімімен 3:2 есебімен алда тұрды. Дегенмен екінші кезеңде Ерасыл таразы басын өзіне аударды – 5:0. Қорытынды есеп те – 5:0.
Осылайша, Е.Жақпеков кемінде қола медаль алады.
Бүгін әйелдер арасында Қазақстаннан Жазира Орақбаева, Ұлжан Сәрсенбек және Виктория Графеева шаршы алаң төріне көтеріледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында бейсенбі күні Қазақстан намысын 6 спортшы қорғайтынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Азия чемпионатында Оразбек Асылқұлов шаршы алаң иесін қапы қалдырды. Ал Бейбарыс Жексен жүлдеге қол созым жерде тоқтады.