Бокстан Азия чемпионаты: бүгін кімдер жекпе-жекке шығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан Азия чемпионатында бүгін, 26 мамырда бес боксшы шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, Азия чемпионаты Біріккен Араб әмірлігінің Дубай қаласында 24 мамырда басталды. Ол 31 мамырға дейін жалғасады.

Бүгін шаршы алаңға еліміздің атынан бес боксшы шығады. Олардың қатарында Сәкен Бибосынов, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Бекзат Нұрдәулетов пен Қамшыбек Қоңқабаев бар.

Жекпе-жек елорда уақытымен 20.00-де басталады.

Алдымен Сәкен Бибосынов (52 келі) Шри-Ланка елінен келген Ласинду Эрандамен қолғап түйістірсе, одан кейін Абылайхан Жүсіпов (69 келі) Біріккен Араб Әмірлігінің өкілі Хусейн Аль-Кандаримен шаршы алаңға шығады. Ал Әбілхан Аманқұл (75 келі) үндістандық Ашиш Кумар, Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) ирандық Мейсам Гешлаги, Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) үндістандық Нарендермен кездеседі.

Айта кетсек, кеше, 25 мамырда қазақстандық бес боскшы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Қазақстандық Даниял Сәбит (49 келі) алғашқы жекпе- жегін сәтті өткізіп, индонезиялық Корнелис Кванга Ланганың осал тұсын тапты. Төрешілер бірауыздан оның жеңісіне қолдау білдірді. Тағы бір қазақстандық Василий Левит (91 келі) ирандық Эхсан Рузбаханиден мықтылығын танытты.

Сондай-ақ, қыздар арасында Назым Қызайбай (51 келі) ширек финалды сәтті өткізіп, өзбекстандық Тұрсынай Рахимованы, Римма Волосенко (60 келі) моңғолиялық Монхор Намунды жеңіп кетті.

Айта кетейік, құрлықтық доданың алғашқы іріктеу кезеңінде Махмуд Сабырхан (56 келі) мен Серік Теміржанов (60 келі) жарыс жолынан шығып қалды. Ал Закир Сафиуллин (64 келі) жартылай финалға жете алмай, ширек финалда Баатарсухийн Чинзоригке есе жіберді.


Соңғы жаңалықтар