Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы лицензиялық турнирге аттанды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Италияның Бусто-Арсицио қаласына аттанды.
Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынатын турнир 3-12 наурыз аралығында өтеді.
Қазақстандық боксшылар лицензиялық турнирге соңғы дайындықтарын Түркістан облысында өткізді.
Аталған додада 51 келі салмақта Сәкен Бибосынов, 57 келіде Махмұд Сабырхан, 63,5 келіде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, 71 келіде Асланбек Шымбергенов, 80 келіде Нұрбек Оралбай, 92 келіде Айбек Оралбай ел намысын қорғайды.
Ерлер арасында 28 жолдама сарапқа салынады.
Бұған дейін +92 келі салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев жазғы Азия ойындарында лицензияға қол жеткізген еді.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін аталған турнирге бұрымды боксшыларымыз аттанып кеткенін жазған болатынбыз.
Жалпы аталған турнирде әйелдер арасында 21 жолдама сарапқа салынады.