Бокстан лицензиялық турнир: Айбек Оралбай екінші жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде қазақстандық боксшы Айбек Оралбай екінші жеңісіне қол жеткізді.

Айбек Оралбай
Фото: Аян Төлеген

Нақтырақ айтсақ, отандасымыз Олимпиадаға іріктеу турнирінің 1/16 финалында (92 кг) Оңтүстік Корея боксшысы Юнг Ха Неулді жеңді.

Ол үшінші раундта қарсыласын нокдаунға түсірді. Нәтижесінде Айбек Оралбай Италиядағы доданың 1/8 финалына шықты.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов екінші рет жеңіске жеткенін жазған болатынбыз. Боксшы аталған әлемдік турнирдің 1/16 финалында (71 кг) польшалық Дамиан Дуркачті жеңді.

Сондай-ақ ерлер арасында 63,5 келідегі ел намысын қорғап жатқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 1/16 финалда Еуропа чемпионы Радослав Росеновтан жеңіліп қалды. 

Сонымен қатар бүгін 54 келі салмақта Жайна Шекербекова іріктеу кезеңінің алғашқы айқасында 1/16 финалда Нигерия өкілі Шукура Каримге есе жіберіп, жарысты аяқтаса, тағы бір бұрымды боксшымыз 60 келіде жұдырықтасқан боксшымыз Римма Волосенко төртінші жекпе-жегінде, яғни, ширек финалда Словакия спортшысы Мирослава Жединаковаға төрешілер шешімімен есе жіберіп, лицензиядан құр қалды.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынып жатқан турнир 3 наурызда басталған болатын. Жарыс 12 наурыз күні мәресіне жетеді. Аталған турнирде ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 жолдама сарапқа салынуда. Қазақстан құрамасынан ерлерден 6, әйелдерден 5 боксшы жолдамаға таласып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар