«Болашақ» бағдарламасындағы тіл курстарына кім қатыса алады
АСТАНА. KAZINFORM — 2022 жылы іске қосылған дәрігерлерге, инженерлерге және мемлекеттік қызметшілерге арналған мамандандырылған тілдік курстар әлі де жұмыс істеп тұр.

Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсманов Jibek joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасына берген эксклюзивті сұхбатында айтып берді.
— Тілдік курстар квота бойынша үміткерлерге, атап айтқанда дәрігерлерге, инженерлерге, мемлекеттік қызметшілерге арналған. Бұл курстар өз бетімен шетелдік ЖОО-ға түскендерге арналмаған, — деп түсіндірді Ә. Құсманов.
Оның айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы бойынша байқаудан өткен үміткерлер алдымен тілдік дайындықтан өтіп, содан кейін шетелдік жоғары оқу орындарына түсе алады.
— Үміткер алдымен «Болашақ» конкурсына қатысып, содан кейін ғана университетке түсе алады. Біз оған тілдік курсты аяқтағаннан кейін оқу орнына түсуге уақыт береміз, — деді басқарма төрағасы.
Ал шетелдік ЖОО-ға өздігінен түскендер үшін тәртіп басқаша: олар байқауға қатысып, іріктеуден өткен жағдайда бірден оқуға аттанады.
— Егер мемлекеттік қызметші өздігінен шетелдік оқу орнына түссе, онда біз оған тілдік курс бермейміз. Ол тек байқаудан өтіп, бірден оқуға аттанады, — деп толықтырды орталық басшысы.
Бұған дейін Әділ Құсманов «Болашақ» стипендиясының тиімділігі зерттеліп жатқанын мәлімдеген еді.
Ә. Құсманов байқаудың әділ өтпейтіні туралы пікірлерге түсініктеме берді және іріктеу процедурасы үш кезеңнен тұратынын және әрбір кезеңде бақылау элементтері бар екенін айтты.
Сондай-ақ, Президент сынынан кейін «Болашақ» тағылымдамасына жас шектеулері енгізілді.