«Болашақ» шахтасындағы аварияны тергеу жөніндегі комиссия құрылды

АСТАНА. KAZINFORM – 27 мамырда «Қазхром Трансұлттық компаниясы» АҚ филиалы - Дон тау-кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасында болған оқиғаға байланысты төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергенов пен ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Кеңгірбай Есенеев Ақтөбе облысына барды.

«Болашақ» шахтасындағы аварияны тергеу жөніндегі комиссия құрылды
Фото: ҚРТЖМ

— Вице-министр кәсіпорын басшылығы мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Кеңес қорытындысы бойынша вице-министр Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасы орынбасарының төрағалығымен аварияны тергеу жөніндегі комиссия құруды тапсырды. Комиссия аварияның мән-жайы мен себептерін анықтайтын болады. Сутегі шығарындыларының қайталануына байланысты және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шахтадағы барлық жұмысты уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылданды, — делінген ТЖМ хабарламасында.

Сонымен қатар сутегі мен басқа да ілеспе газдарды бөлу мәселесін, олардың жұмыс жүргізу қауіпсіздігіне әсерін зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу институттарын тарту қажеттілігі атап өтілді.

— Вице-министр ауруханада жатқан зардап шеккендер адамдарға барып, тез сауығып кетулеріне тілектестік білдірді, — делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 26 мамырда шахтада сутегі бөлініп, содан кейін өрт шықты. Оқиға салдарынан үш қызметкер әртүрлі дәрежеде күйік алды. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Дөң тау-кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасындағы кен өндіру блогында электр жабдықтарын монтаждап жатқан үш кезекші электрослесарьді күйік шалды. Екі науқас ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілген. Үшінші науқас травматология бөлімінде ем алып жатыр.

Еске салсақ, биыл ақпан айында Хромтау ауданындағы дәл осы «Болашақ» шахтасында қысқа мерзімді тұйықталу болып, 4 жұмысшыны күйік шалды. Көп ұзамай бір жұмысшы көз жұмды. Сонымен қатар Дөң кен-байыту комбинатындағы оқиғадан соң қылмыстық іс қозғалды

Соңғы жаңалықтар