Болгария президенті қызметінен кететінін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Болгария президенті Румен Радев өзінің отставкаға кететінін жариялады, деп хабарлайды DW.
Ол бұл қызметті 2017 жылдан бері қатарынан екі мерзім атқарған. Радевтің отставкасы Болгарияда желтоқсан айында басталған жаппай наразылықтар аясында болып отыр.
Наразылыққа әлеуметтік желілерде тараған бейнероликтер себеп болған. Олардың бірінде билік коалициясындағы депутаттар «Лукойлдың» жергілікті активтеріне қатысты заңды небәрі 26 секундта қабылдағаны көрсетілген. Ал екінші видеода түскі үзіліс кезінде даулы бюджет жобасы бойынша дауыс беру сәті бейнеленген.
11 желтоқсанда наразылық акцияларының аясында Болгарияның премьер-министрі Росен Желязков та қызметінен кеткен.
Бұған дейін Болгарияда мерзімінен бұрын сайлау өтетіні хабарланған еді.
Еске сала кетейік, болгарлардың шамамен жартысы елде еуроны енгізуге қарсы. Олар бұл қадам Болгарияның егемендігіне нұқсан келтіруі мүмкін деп қауіптенеді. Сонымен қатар ұлттық валюта — левтен еуроға көшу барысында ритейлерлер бұл өзгерісті бағаны көтеру үшін пайдалануы мүмкін деген алаңдаушылық бар.
Желтоқсан айында Болгария Үкіметі бірнеше аптаға созылған наразылықтардан кейін отставкаға кеткен еді.