Бөрлі ауданының жылдық бюджеті 6,8 млрд. теңгеден асты - БҚО

Аудан әкімінің баян еткеніндей, өнеркәсіп саласында 1,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Газ өндіру көлемі 2012 жылы 17,5 млрд. текше метрді, газ конденсаты 12,2 млн. тоннаны құраған.
Шағын кәсіпкерлік саласында еңбек ететін 3413 нысан 60,6 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетіп, бюджетке 5,4 млрд. теңге мөлшерінде салық түсірді. 31 инвестициялық жобаның алтауы 2012 жылы іске қосылса, қалғаны биыл жұмыстарын бастамақшы. 2013-14 жылдары жалпы құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын тағы да 25 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Кәсіпкерлер екінші деңгейдегі банктер арқылы 1 млрд. 159 млн. теңге сомасында несие алған. Соның ішінде Аграрлық несие корпорациясы арқылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында 14,9 млн. теңге несиеге қол жеткізген «Тұлпар» шаруа қожалығын айрықша атауға болады. Ауданның ауыл шаруашылығы саласында күні бүгін 182 агроқұрылым жұмыс істеуде.
2012 жылы 1665 адам жұмыспен қамтылса, ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша 1149 жаңа жұмыс орны құрылыпты. Оған қоса 456 адам қоғамдық жұмысқа тартылған.
-Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша ауданның бес елді мекенінде жалпы құны 85,1 млн. теңге құрайтын бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған екі пәтерлі 6 үй салынды. Ақсайда өткен жылы басталған 75 және 90 пәтерлік екі үйдің құрылысы биыл бітпек. Қаланың бас жоспарына сәйкес «Қарашығанақ-1» ықшам ауданында инженерлік-коммуникациялық желісі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Мұнда көпқабатты 14 тұрғын үй, балабақша, мектеп, мәдени-көпшілік орталығын салу жоспарланып отыр. Өткен жылы коммуналдық базар ауданында басталған автобекет құрылысы биыл да жалғасады. Бөрлі ауылдық округінде жеке тұрғын үй құрылысына арналған 800-ден аса жер телімдеріне инженерлік-коммуникациялық желі тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Қазір жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде - деді М.Түсіпқалиев.
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Жарсуат ауылындағы 500 үйге ауыз су құбыр арқылы кіргізіп берілген. Приурал ауылында осы жұмыс аяқталса, қазір Пугачев пен Аралтал ауылдарын сумен жабдықтау жүйесін жаңарту жұмысы атқарылуда. Көгілдір отын Александров ауылына жеткен. 2012 жылы аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге және күтіп ұстауға 319,7 млн. теңге бөлінген.
Кездесуде 2013 жылы ауданда шешімін табуы тиіс бірнеше мәселе де қалыс қалған жоқ. Олар: Ақсайдағы көпқабатты үйлердегі лифтілерді қалпына келтіру; Ақсайдың оңтүстік бөлігіндегі электр желісін күрделі жөндеу; Комсомол көшесін жарықтандыру, суағар жасау, тротуар төсеу, жолын қалпына келтіру; 7, 9, 11, 12, 13-ықшамаудандарына, Ақсай қаласының Халықтар достығы көшесінен бастап, Қызылтал ауылының Құрылыс көшесіне дейін жол құрылысы; 10-ықшамаудандағы жылу желісін қайта қалпына келтіру; Бестау су қоймасын қайта қалпына келтіру; 4 және 5-ықшамаудандарын жылумен қамту үшін қазандық құрылысы; 7 ауланың спорт алаңын абаттандыру; Юбилейная, Шәкенов көшелерін, оңтүстік айналма жолды жарықтандыру және тағы да басқа ірі жобалар бар. Іргелі жұмыстардың біразы ауылдық округтерде атқарылмақшы.
Жиында облыс әкімінің атап өткеніндей, Бөрлі ауданының әлеуеті орасан зор. «Әрине, Қарашығанақ секілді алып кеніштің іргесінде күн кешкен соң, тұрғындардың бәрі сонда жұмыс жасап, мол ақша тапқысы келеді. Бұл, бір жағынан, заңдылық. Дегенмен ол жердің мүмкіндігі шектеулі, барлық адамды қабылдай алмайды. Сондықтан, біз Қарашығанаққа қарап отырмай, ауыл шаруашылығын, шағын кәсіпкерлік саласын, өзге де салаларды тез арада дамытуымыз керек. Еңбек көрігін қалай қыздыру қажеттігін осы жерде отырған аға буын өкілдері жақсы біледі. Алдағы уақытта бұрын болған салаға қайта қарқын беру қажет», - деді әкім.