Бос орын жоқ: Экс-шенеунік Қуандық Бишімбаев әлі жұмысқа тұрмады
АСТАНА. KAZINFORM — Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жазасын өтеп жатқан мекемеден әзірге жұмыс таппады. Бұл туралы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Сотталушы жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтеп жатыр. Бос жұмыс орындарының болмауына байланысты жұмысқа тұрмады. Сотталушының күн тәртібі Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіп ережелері мен қолданыстағы Қылмыстық-атқару заңнамасының талаптарына сәйкес сақталады», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, комитеттен Қылмыстық-атқару кодекстің 93-бабына сәйкес сотталғандардың жеке ісіне қатысты ақпарат жария етілмейтіні айтылды.
Еске сала кетсек, осы жазда Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев түзеу мекемесіне өткеннен кейін қандай жұмыс істеуі мүмкін екенін айтқан еді.
Айта кетейік, биыл 13 мамырда Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесі аяқталды.
Сот бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты әйелін азаптап, өлтіргені үшін кінәлі деп тапты. Ол 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал оның туыс інісі Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталған еді.
26 маусымда апелляциялық сот алқасы Бишімбаев пен Байжановтың үкімін өзгеріссіз қалдырды.