Бөтеннің тәрбиесінде болған ақтөбелік бүлдіршін арада 4 жыл өтсе де анасын бірден таныды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 4 жыл бойы бала күтушісінің үйінде тәрбиеленген 5 жастағы бүлдіршін анасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының кішкентай тұрғыны 4 жыл бойы бала күтушісі Марианна Фотексудың тәрбиесінде болды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, қалалық қорғаншылық және қамқоршылық органы іздеу жариялап, анасы Астана қаласынан табылған болатын.

Қазіргі уақытта анасы Ақтөбеге келіп, қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысын, шешімін күтіп отыр.

«5 жастағы қыздың анасы кеше келіп, кездесті. Баланың жағдайы жақсы», - деді «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Өмірбек Текешов.

Қазір 5 жастағы қызбен психологтар жұмыс істеп жатыр. Анасымен бір рет кездесті, бірден таныды.

«Біз ана мен баланы табыстырамыз. Күнделікті бақылауымызға алынды. Бала жақсы тәрбиеленген, онымен қарым-қатынас жасау оңай. Анасын таныды, ұмытпаған. Қазіргі уақытта бала анасына баруды ойлап отыр», - деді психолог Нұргүл Басығарина.

Баланы 4 жыл бойы бағып-қаққан Марианна Фотексу да «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына күнде барып жүр. Ол да 5 жастағы қызды асырап алғысы келеді. Бірақ бәрін комиссия шешпек.

«Мен күнде келіп, қызымды көріп кетемін. Тіпті күніне екі рет келіп, жанында отырамын. Бүгін баланы алып кетуді жоспарлаған едік. Бірақ Ақтөбе қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының отырысы 14-наурыз күні өтетін болды. Бала бұл жерде қалғысы келмейді, жылайды. Мен 28-ақпаннан бері осы орталыққа жиі келемін», - деді Марианна Фотексу.

Ол қыздың туған анасымен де кездескен. Комиссия шешіміне екі жақ та келісетінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар