Бір айда 15 бала жол апатынан мерт болды – ІІМ

Бір айда 15 бала жол апатынан мерт болды – ІІМ
Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Республика бойынша бір айдың ішінде 15 кәмелет жасына толмаған бала немесе жасөспірім жол апатынан мерт болды.

«15 ақпаннан бастап ел аумағында «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Сіздің жолаушы – балаңыз!» атты акция да бар. Республика бойынша бір айдың ішінде 15 кәмелет жасына толмаған бала немесе жасөспірім жол апатынан мерт болды. Олардың 12-сі жолаушы және ата-ананың немқұрайлылығынан қайтыс болды», - деді Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова ведомстводан өткен брифингіде.

Осы орайда Ішкі істер министрлігінің өкілі жолаушыларды жол ережесі мен қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырды.

«Барлық талап мен ережені қатаң сақтау қажеттігіне назар аударғым келеді, әсіресе қолайсыз ауа райы кезінде. Біз жол ережелерін сақтай отырып, өзіміз бен жақындарымыздың қауіпсіздігін қамти аламыз», - дейді ол.

Оның айтуынша, соңғы екі аптаның ішінде ел аумағында 175 мың жол ережесін бұзу фактісі тіркелген.

Бұған дейін елімізде өткен аптада 9 кісі өлімінің тіркелгені туралы хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар