Бір топ ақтөбелікке мемлекеттік наградалар табысталды

Ақтөбеде Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Онда білім мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласында еңбек етіп жүрген мамандар мен кәсіпкерлер мемлекеттік награда алды, деп хабарлайды Kazinform.

 Ақтөбе облысы
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ақтөбе қаласында бүгін мерекелік шара балабақша мен мектепте, түрлі шығармашылық ұйымдарында өткізілді. Ал ауқымды кеш «Өнер» орталығында өтті. Оған облыс, қала және аудандардың құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, кәсіпорын, мекеме, қоғамдық ұйым басшылары, кәсіпкерлер, жастар қатысты. Облыс әкімі Асхат Шахаров 30 жылдан астам уақытта өңірде атқарылған істерге тоқталды.

- Ақтөбе облысының тұрғындары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келеді. Соның арқасында Ақтөбе жайлы, тартымды, қолайлы өңірлер қатарында. 33 жылда облысымызда 400-ге жуық білім ошағы, 179 медициналық, 712 спорттық нысан салынып, халық рахатын көріп отыр. Биылдың өзінде ұлттық жобалар аясында өңірде 20 мектеп, 15 денсаулық сақтау нысаны салына бастады. Жобалар 2025 жылға дейін іске қосылады. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері облыста 13 млн 622 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Жыл санап құрылыс жұмыстарының да қарқыны артып келеді. Оның ішінде әлеуметтік саланы дамытуда, шағын және орта бизнес саласындағы жеке сектордың үлесі басым. Өңірде жаңа жолдар салынып, өндіріс орындары ашылып жатыр. Көгілдір отын, сапалы ауыз сумен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда,- деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін кәсіпкер Замзагүл Баймағамбетова, Талғат Салфиков және мұнай компаниясында кеңесші болып еңбек ететін Николай Баев «Парасат» орденін тақты. Ал «Құрмет» ордені 8 ақтөбелікке берілді. Олардың арасында қарттық шағында жылыжай шаруашылығын дамытып, оны өзгеге үйретіп жүрген Байғанин ауданының кәсіпкері Құтым Қасенов бар. Зейнеткер қазіргі кезде «Ауыл аманаты» жобасымен несие алған адамдарға кәсіп бастау, оны дамыту тетігін үйретін жүр.

Ақтөбе облысы
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

- Мен өзім құрылысшымын. Кейін қолөнер шебері болып, ЭКСПО кезінде 10 күн бойы қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жасау шеберлік сабағын өткіздім. Қазіргі кезде жылыжай баптаймын, жастарды оқытамын, үйретемін. Адамдар Атырау, Маңғыстау облыстарынан да келеді. Үйіме келгенде бар қыр-сырын көрсеттім. Жасым сексенге келсе де жұмыс істеген дұрыс деп ойлаймын. Бәрі еңбектің арқасы, еңбек ету керек,- деді Құтым Қасенов.

Сонымен бірге «Ерен еңбегі үшін» медалін 18 адам алды. Олардың арасында энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының мамандары мен мұғалім, дәрігерлер бар. Екі өрт сөндіруші «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдерімен марапатталды.

- Бала күннен осы қызметті армандаған едім. Өзім 25 жасымда осы салаға келіп, жұмысымды бастадым. Өрт сөндірушінің бойынан бар қасиет табылуы керек. Әсіресе табандылық, батырлық қажет. Әр шақыртудың өз қиындығы, жауапкершілігі бар. Шынымды айтсам, әр өрт сөндіруші, әр құтқарушы – бүгінгінің батыры,- деді Қарғалы ауданы өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Руслан Әміров.

Ол биыл қаңтарда Қарғалы ауданы Бадамша ауылы Пацаев көшесіндегі үйлердің бірінен 7 адамды эвакуациялады. Өрттің таралуына жол бермей, тез сөндірді. Ал наурызда облыстық маңызы бар Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск автожолында қар құрсауында қалған адамдарға психологиялық көмек көрсетті. Оның кәсіби шеберлігінің арқасында 4 адам құтқарылып, 8 адам эвакуацияланды. Кейін елді мекенге аман-есен жеткізілді.

Айтып өтейік, Республика күні жалпы Ақтөбеде 40 адам түрлі мемлекеттік наградаларға ие болды.

Ақтөбе облысы
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.