Бір түнде жол апатынан 15 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — 13-нен 14 қыркүйекке қараған түні республика аумағында екі ірі жол-көлік оқиғасы орын алып, 15 адам қаза тапты. Бұл туралы ҚазАвтоЖол-дың баспасөз қызметі мәлім етті.

13 қыркүйек күні сағат 23:30 шамасында Қарағанды облысында, «Қарағанды — Аягөз — Боғас» автожолының Шешенқара ауылы маңында Ford Mondeo автокөлігінің жүргізушісі Қарқаралы қаласынан Қарағанды бағытына қозғалыс барысында белгіленбеген жерде қарсы жолаққа шығып кетіп, Changan автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан бес адам оқиға орнында көз жұмды.
2025 жылғы 14 қыркүйек күні сағат 01:39 шамасында Жетісу облысында, «Алматы — Өскемен» автожолының 479-шақырымында Nissan Cefiro автокөлігінің жүргізушісі оңтүстік бағытта қозғалып келе жатып, қарсы жолаққа шығып, алдымен Lada ВАЗ автокөлігімен, кейіннен Chevrolet Cobalt автокөлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан Nissan Cefiro жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Lada ВАЗ автокөлігінде болған төрт адамның біреуі көз жұмды, тағы біреуі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Chevrolet Cobalt автокөлігінде сегіз адам, соның ішінде бір бала болған. Алдын ала мәліметтер бойынша олардың барлығы оқиға орнында қаза тапқан.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде екі жол учаскесінде де жол жамылғысының тегіс екендігі және көлік қозғалысына кедергі келтіретін ақаулардың анықталмағаны белгілі болды. «Алматы — Өскемен» автожолы 2024 жылдың желтоқсан айында қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілген. Жол жабындысы нормативтік талаптарға толық сәйкес келеді. Ал «Қарағанды — Аягөз — Боғас» автожолында бұған дейін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген, жабынның жағдайы да белгіленген стандарттарға сай.
— Соңғы жылдары қайта жөндеу және жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін жол-көлік оқиғаларының жиілеп отырғаны байқалады. Тегіс жол мен ашық көріну мүмкіндігін пайдаланып, көптеген жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс асырып, жол қозғалысы ережелерін бұзуда. Мұндай жауапсыздық орны толмас қайғылы жағдайларға әкеліп отыр. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жылдамдық режимін, қарсы бетке шығу қағидаларын және жол қозғалысының барлық ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, — деп жазды компаниядан.
Еске сала кетейік, 11 қыркүйек күні Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Сенек елді мекенінен 90 шақырым қашықтықта жантүршігерлік жол апаты болып, 10 адам қаза тапқан болатын.
Ал 19 тамыз күні Абай облысының Үржар ауданында 55 жастағы Toyota көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында, жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған балаларды қағып кеткен еді.
Қазақстанда жол апаты неліктен көбейіп кетті және оны қалай тоқтатуға болады деген сауалға Kazinform тілшісі жауап іздеп көрді.