Бір жылда Өзбекстанның су қоры 6,5 млрд текше метрге азайды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Заң шығару палатасының отырысына қатысқан Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев депутаттарға су ресурстарын басқару және аталған сектордағы түйткілдер туралы есеп берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бір жылда Өзбекстанның су қоры 6,5 млрд текше метрге азайды
Фото: Өзбекстанның Заң шығару палатасы

Министр атап өткендей, кейінгі жылдары өңірде су тапшылығы аса өзекті мәселеге айналып бара жатыр. Оның дерегінше, биыл Өзбекстанда ауыл шаруашылығы саласына 40 млрд текше метрден астам су бағытталған.

— Алайда бүгінде трансшекаралық су қоймаларын қоса алғанда, біздің су қорымыз 2024 жылмен салыстырғанда 6,5 млрд текше метрге азайды. Ішкі су қоймаларында 2,7 млрд текше метрге кем су жиналды, — деп мәлім етті Шавкат Хамраев.

Ол су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу арқылы бұл мәселені ішінара шешуге болатынын атап өтті. Кейінгі 5 жылда Өзбекстанда суды пайдалану тиімділігін арттыру мақсатындағы жобаларға 60 трлн сум бюджет қаражаты мен 622 млн доллар шетелдік инвестиция жұмсалған.

Тиісінше, биыл суармалы алқаптардың 60%-ға жуығына су үнемдеу технологиялары енгізілген. Аталған жұмыстарды жалғастыру үшін су ресурстарын басқару және ирригациялық секторды дамытудың 2025-2028 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді.

Еске салайық, бұған дейін өзбекстандық сарапшы Тахир Маджитов Орталық Азиядағы ең ірі «Федченко» мұздығының 40%-ға жуығы еріп кеткенін айтып еді.

Сондай-ақ, БҰҰ-ның зерттеуіне сәйкес, Орталық Азиядағы су тапшылығы өңірдің экономикалық өсімін тежейді. Таяуда Kazinform агенттігіне сұхбат берген сарапшы Динара Зиганшина Орталық Азиядағы су тапшылығы мәселесін тек сындарлы диалог арқылы шешуге болатынын айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Халықаралық табиғатты қорғау одағы Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға ниетті.

Сонымен қатар Орталық Азия мен Ауғанстан су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі.

Биыл сәуірде Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат беріп, Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар