15:06, 24 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Браконьерлердің әрекетінен 2 миллион теңге соманың шығыны келді
АҚТӨБЕ. Желтоқсанның 24-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Табиғат қорғау полициясының қызметкерлері жол полицейлерімен бірлесіп жүргізген рейд кезінде Ақтөбе-Қобда тас жолында кезекті браконьерлерді қолға түсірді.

49 жастағы ақтөбелік 8 жабайы шошқа мен бір қоян атып алып, қоршаған ортаға 2 миллионнан астам теңге көлемінде зиян келтірген.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, тіркемесі бар «Тойота Ланд Крузер» көлігі желтоқсанның 22-сі күні сағат 22.15-терде облыс орталығына кіреберісте ұсталған.
Тіркемені тінту кезінде ол жерден 8 жабайы шошқа мен бір қоянның тұтас еті табылған. Ал автокөліктің жүк салатын жерінен құжатсыз тегіс оқпанды 2 аңшы қаруы мен оқ-дәрі табылған.
Факті негізінде «заңсыз аңшылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.