Браун университетіндегі атыс кезінде екі адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы Провиденс қаласында орналасқан, Айви лигасына кіретін беделді Браун университетінде болған атыс салдарынан кемінде екі адам қаза тауып, тағы сегіз адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы аталған оқу орны хабарлады, деп жазды Dw.com.
Университеттің мәліметінше, қарулы шабуыл жасаған адамдар әлі ұсталған жоқ. Құқық қорғау органдары мен АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы күдіктіні іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Университет әкімшілігі студенттерге отырған орындарынан қозғалмай, барлық есіктерді жауып, кампус аумағында жүрмеуге шақырды.
Ал қаза тапқандар мен жараланғандардың жеке тұлғалары анықталып жатыр. Атыс оқиғасы университеттің инженерлік мектебі орналасқан Barus & Holley ғимаратында болған. Полиция тұрғындар мен студенттерге оқиға орнына жақындамауды ескертті.
Аталған ғимаратта оқиға кезінде болған барлық студенттер мен университет қауымдастығының мүшелеріне құқық қорғау органдарымен байланысу тапсырылды. Оқыс жағдай туралы хабар түскен соң, көптеген адам аудиторияларда үстелдердің астына және жиһаздардың артына тығылған.
AP агенттігінің дерегінше, күдікті толықтай қара түсті киімде болған. Полиция басшысының орынбасары Тимоти О’Хараның айтуынша, шабуыл жасаған адам инженерлік мектеп ғимаратынан қашып үлгерген.
Провиденс қаласының мэрі Бретт Смайли кампус маңында тұратын тұрғындарды үйден шықпауға шақырды.
Еске сала кетсек, қараша айында Ақ үй маңындағы атыс болып, АҚШ Ұлттық гвардиясының екі сарбазы жараланды. Кейін олардың біреуі ауруханада қөз жұмды.