Бразилия әлем чемпионаты финалдық кезеңіне жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты финалдық кезеңіне жолдама алған тағы екі құрама белгілі болды.

Оңтүстік Америка аймағынан (CONMEBOL) мұндай мүмкіндікке Бразилия және Эквадор құрамалары ие болды. Соңғы турда Бразилия Парагвай құрамасын 1:0 есебімен жеңсе, Эквадор құрамасы Перумен 1:1 есебімен тең түсті.
Осылайша Бразилия мен Эквадор 25 ұпай жинап, жетінші орында тұрған Венесуэладан 7 ұпай артық жинады. Бұл екі құрамаға да АҚШ, Канада және Мексикада өтетін дүбірлі додаға тікелей шығу құқығын берді.
Айта кетсек, бұдан бұрын Азиядан Иран, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Иордания, Жапония, Аустралия құрамалары қол созды.
Сондай-ақ қазірге дейін әлем чемпионатына ұйымдастырушы елдер ретінде АҚШ, Мексика, Канада осындай мүмкіндікке ие болса, мұхит аймағынан Жаңа Зеландия, Оңтүстік Америкадан Аргентина оған қатысатын елдердің қатарына қосылды.
Дүбірлі додада алғаш рет 48 құрама бақ сынайды. Оның 16-сы Еуропа, 8-і Азия, 9-ы Африка, 6-сы Солтүстік Америка, 6-сы Оңтүстік Америка құрлығына бөлінсе, 1-і мұхит аймағы елдеріне қаралған. Ал 2 жолдама плей-офф сатысы арқылы анықталады.