Бразилия экс-президентінің ұлы сенатор Флавиу Болсонару АҚШ-қа қашты

АСТАНА. KAZINFORM – Бразилиядағы президент сайлауында жеңілген сенатор Флавиу Болсонару соттың елден шығуға салған тыйымына қарамастан, отбасымен бірге елден кеткен. Бұл туралы CNN Brasil телеарнасы хабарлады.

Бразилия экс-президентінің ұлы сенатор Флавиу Болсонару АҚШ-қа қашты
Фото: CNN Brasil

Телеарнаның мәліметінше, Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонарудың ұлы отбасы мүшелерімен бірге АҚШ-қа барған.

Бірнеше бразилиялық парламент мүшесі оны сенаторлық мандатынан айыруды ұсынды. Сондай-ақ олар саясаткерге жалақы төлеуді дереу тоқтатуға шақырды.

2026 жылғы маусымда Флавиу Болсонару Либералдық партиядан Бразилия президенттігіне кандидат ретінде ұсынылған еді. Сайлау науқаны аясында ол халықаралық байланыстарын да жандандырып, Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен, вице-президент Джей Ди Вэнспен және Мемлекеттік департамент басшысы Марко Рубиомен кездескен.

Бразилияда президент сайлауының екінші кезеңі 25 қазанда басталды. Бұл кезеңде Флавиу Болсонару қазіргі президент Луис Инасиу Лула да Силвамен бәсекеге түсті. Алайда 26 қазанда Лула да Силва қайта сайланып, жаңа мерзімге өкілеттігін 2027 жылғы 1 қаңтарда бастайды.

Еске сала кетейік, Флавиу Болсонарудың әкесі, Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонару 2025 жылғы қарашадан бастап мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті үшін 27 жылдық жазасын өтеп жатыр. Ол 2022 жылғы сайлаудан кейін Луис Инасиу Лула да Силваның президенттік қызметке кірісуіне кедергі келтіру мақсатында сөз байласқан деп танылған. Прокурорлардың мәлімдеуінше, жоспар жоғары әскери басшылықтың қолдауын ала алмағандықтан жүзеге аспаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Лула да Силва Бразилия президенті болып қайта сайланғанын жаздық.

Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Лула да Сильваны президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.