Бразилияда «Volkswagen» компаниясына құлдық деңгейіндегі еңбек үшін айыппұл салынды
АСТАНА. KAZINFORM – Бразилияның еңбек соты Volkswagen компаниясының жергілікті бөлімшесін 1974-1986 жылдары жұмысшыларды құлдыққа тең жағдайда ұстағаны үшін 165 млн реал көлемінде (шамамен 26 млн еуро) өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды DW.

Тергеу мәліметінше, Пара штатындағы концернге қарасты фермада 300-ге жуық адам заңсыз жалданып, орманды тазалау мен жайылым жасауға мәжбүр болған. Жұмысшыларға жеткілікті тамақ берілмеген, олар қарулы күзеттің бақылауында болған. Тіпті безгекке шалдыққандарға медициналық көмек те көрсетілмеген.
Бұл деректер тек 2019 жылы жария болып, 2024 жылы ресми айып тағылды. Прокуратура мұны «Бразилия тарихындағы қазіргі заманғы құлдықтың ең ірі оқиғаларының бірі» деп атады.
Volkswagen сот шешіміне апелляция бермек. Компания жұмысшыларды ресми түрде жалдамағанын айтқанымен, сот оны айыпты деп тапты.
Неміс концерні Бразилияға бірінші рет өтемақы төлеп отырған жоқ. 2020 жылы ол Сан-Паулудағы зауытта диктатура кезеңінде (1964-1985 жж.) саяси белсенді қызметкерлерді аңдып, олардың деректерін билікке бергені үшін 5,7 млн еуро өтемақы төлеген болатын.
Айта кетейік, Бразилияда құлдық ресми түрде 1888 жылы жойылғанымен, жұмысшылардың еңбегін қанау әлі де кездеседі. 1995 жылдан бері арнайы мобильді топтар ел бойынша мұндай заңсыздықтарға қарсы тексеріс жүргізіп келеді.
Бұған дейін Volkswagen Қытайдағы зауытын жабатынын жаздық.