Бразилиядағы жойқын торнадодан жүздеген адам жараланды
АСТАНА. KAZINFORM — Елдің оңтүстігіндегі Парана штатындағы торнадодан 6 адам қаза тауып, 400-ден астамы жараланды, деп хабарлайды Anewz.
Жылдамдығы 155 мильден асатын торнадо Рио-Бонито-ду-Игуасу мен Гуарапуаведе ондаған үйді қиратып, үкіметті зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай жариялауға мәжбүр етті.
— Жел бәрін қиратты. Қаланы, үйлерді, мектептерді қиратып кетті. Алдағы күніміз не болады? — деді Розелей Далкандон өзінің бұрынғы дүкенінің қирандыларының арасында тұрып.
Шенеуніктер торнадодан бірнеше сағат өткен соң бір адамның із-түзсіз жоғалып кеткенін хабарлады. Олар жоғалғандар саны артады деп болжап отыр.
Қаза тапқан 6 адамның бесеуі ересек, біреуі 14 жастағы қыз бала. Құрбандардың 5-уі Рио-Бонито-ду-Игуачу қаласының тұрғыны, ал біреуі Гуарапуавадан.
Губернатор кіші Карлос Масса Ратиньо Парана штатында үш күндік қаралы күн жариялады. Азаматтық қорғаныстың бағалауы бойынша Рио-Бонито-ду-Игуачу аймағының шамамен 90% зақымданған. 750-ден астам адам, оның ішінде балалар мен жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетілді. Он адамға ота жасалды, қазір тоғызының жағдайы ауыр.
Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва әлеуметтік желіде ынтымақтастығын білдіріп, аймаққа шұғыл көмек жіберілетінін жариялады.
— Біз Парана тұрғындарына қолдау білдіреміз және барлық қажетті көмекті көрсетуді жалғастырамыз, — деді ол.
Билік құйыннан зардап шеккендерге азық-түлік, гигиеналық құралдар, брезент, матрацтар және басқа да қажетті заттарды таратып жатыр.
Осыған дейін Филиппиннің астан-кестеңін шығарған «Калмаэги» тайфунынан 2,9 миллион тұрғын зардап шегіп, 200-ден астам адам қаза тапқынын жаздық.