Бірыңғай төлем құжаты не үшін қажет және кімге тиімді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге төлем жасауды жеңілдету мақсатында бірыңғай төлем құжаты жүйесі кезең-кезеңмен енгізіліп жатыр. Бұл бастама – цифрландыру саясаты аясындағы маңызды жобалардың бірі және халық пен коммуналдық мекемелер арасындағы өзара есеп айырысуды оңтайландыруға бағытталған.

а
Коллаж: Kazinform

Пилоттық жоба және алғашқы тәжірибе

Бірыңғай төлем құжаты ел бойынша енгізілмес бұрын, пилоттық режимде бірнеше өңірде сынақтан өткізілді. Алғашқылардың бірі болып 2015 жылы Петропавл қаласы бұл бастаманы жүзеге асырып, коммуналдық қызметтерді бір төлем құжатына біріктіруді қолға алды.

Осы мақсатта «Севказэнерго» ЖШС базасында Бірыңғай есеп айырысу орталығы (БЕАО) құрылып, тұрғындарға бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсетуді бастады.

2025 жылдың қаңтар айынан бастап бұл міндет «Солтүстік Қазақстан Электржелістік тарату компаниясы» АҚ жүктелді. 

— Орталық ең алдымен тұрғындарға ыңғайлы болу үшін құрылды. Мұнда ай сайын бірыңғай төлем құжатын қалыптастырады, өңдеп, басып шығарып, абоненттерге жеткізеді. Сондай-ақ төлемдерді қабылдап, коммуналдық, тұрғын үй, эксплуатациялық және басқа да қызмет жеткізушілердің шотына жіберіледі. Абоненттік деректер базасын жинақтайды, жаңартады және коммуналдық қызметтер бойынша төлемдерді есептейді. Бұдан бөлек тұтынушылармен кері байланыс орнатып, қажет болса кеңес береді. Қателік кетсе, қарыздарға қатысты, есептеулер бойынша барлық сұрақтарға толық жауапты осы орталықтан алуға болады, — дейді «Солтүстік Қазақстан Электржелістік тарату компаниясы» АҚ БЕАО және тұтынушылармен жұмыс бойынша басқарманың басшысы Әлия Баекина. 

Қазір Петропавлда БЕАО «Қызылжар су» ЖШС, «Горгаз-сервис» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, қоқыс шығару, лифт, домофон, бейнебақылау қызметтерін көрсететін ұйымдармен, ПИК және МИБ-термен келісімге отырған. Бұл коммуналдық қызметтердің түбіртегі бір құжатқа біріктірілген. 

Маманның айтуынша, БЕАО жанынан байланыс орталығы ашылған. Ол күн сайын сағат 08:00–ден 20:00–ге дейін, үзіліссіз және демалыссыз жұмыс істейді. Мекеме 8 ауданның тұтынушыларына да қызмет көрсетеді. Қоңыраулар мен өтініштерге толық жауап беріледі.

Тұтынушылар үшін «Жеке кабинет» қызметі іске қосылған. Онда: төлем туралы мәліметтермен танысуға, қарызды көруге, төлем шотын қалыптастыруға, су және электр есептеу құралдарының көрсеткіштерін жіберуге, тарифтік калькулятор арқылы алдын ала есеп жүргізуге болады.

коммунальные счета коммуналдық төлемдер
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Тұтынушыға қолжетімді қызмет

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда бірыңғай есеп айырысу орталығының саны 44-ке жетті, 20 өңір қамтылған.

Бір БЕАО бірнеше өңірге қызмет көрсетуі мүмкін.

Сондай-ақ, Оралда: «Батыс Энергоресурсы» ЖШС, Петропавлда: «Севказэнергосбыт» ЖШС, Қостанай облысында: «ЭнергияРК Рудный» ЖШС және басқалар бірыңғай төлем құжатын облыстық және аудандық деңгейде де ұсынады. 

Ал Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларға және Алматы, Ақмола облыстарына «АЛСЕКО» АҚ қызмет көрсетеді. Жақында бұл компания «Астана-ЕРЦ» ЖШС сатып алды. 

— Біз «Астана-ЕРЦ» ЖШС операциялық моделіне өзгерістер енгізуді жоспарлап отырған жоқпыз. Керісінше, ортақ мақсатқа жету үшін бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырамыз, сапаны басқару, цифрландыру және клиенттік сервис саласындағы тәжірибемізбен толықтырғымыз келеді. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің тұтынушыларға сапасын және ыңғайлылығын арттыру үшін «АЛСЕКО» АҚ жаңа цифрлық шешімдер әзірлеп, енгізеді. Соның бірі — аптасына жеті күн-тәулік бойы жұмыс істейтін жеке кабинет құру. Бұл жерде ең қажетті функциялар — түбіртектерді қарау, есептегіштердің көрсеткіштерін беру, төлем туралы ақпаратты қарау қолжетімді болады, — дейді компанияның клиенттік сервис кеңсесінің директоры Эльмира Жұмақұлова.

Маманның айтуынша, бұдан бөлек мобильді қосымша енгізіледі. Мұнда жеке кабинеттің функционалы қолжетімді болады және смартфон камерасы арқылы есептегіш көрсеткішін автоматты түрде танып, есепке алатын, сервистік компанияларға онлайн өтінім беру секілді бірқатар жаңа қызметтерді қосу жоспарланған. 

Қағаз түбіртектен бас тарту және электрондық төлемдер

Бірыңғай төлем құжаты жүйесінің тиімді жүзеге асуына бірыңғай есеп айырысу орталықтарымен қатар бірқатар серіктес құрылымдар, оның ішінде Қазпошта да қатысады.

Қазпошта өз бөлімшелері арқылы тұрғындардан коммуналдық төлем қабылдайды. Бұл қызмет көрсетуші ұйымдармен жасалған шарттар негізінде жүргізіледі. 

— Пошта ұйымы бірқатар өңірлерде түбіртектерді жеткізумен айналысады. Атап айтқанда, Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарында қызмет көрсетіледі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Қазпошта» АҚ 1 438 500-ден астам абонентке қағаз нұсқадағы есеп-шоттарды жеткізген. Айта кетерлік жайт, тұрғындардан қағаз түбіртек жеткізу үшін ешқандай комиссиялық ақы алынбайды, — дейді «Қазпошта» АҚ қаржылық бизнес департаментінің директоры Гүлнара Молдагалиева. 

коммунальные услуги показания счетчика есептегіш коммуналдық қызметтер
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Жүйеге көшу неге кешеуілдеп жатыр?

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Шымкентте сумен жабдықтаудың коммуналдық қызметін бірыңғай төлем құжатына енгізу жұмыстары басталды.

Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында барлық аумақ қамтылып, электрмен жабдықтау бойынша қызметтер қосылды, Павлодар облысында су және электрмен жабдықтау енгізіліп, қазіргі уақытта қалған коммуналдық қызметтерді жүйеге қосу жұмысы атқарылып жатыр.

Сонымен қатар, лифт және домофон қызметтерін енгізу жоспарланған, тиісті жұмыс әкімдіктер тарапынан атқарылады. 

— Қазіргі уақытта облыстық маңызы бар 4 қала — Қарағанды облысындағы Теміртау, Саран, Приозерск қалалары, Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы және 2 897 ауыл, аудандық маңызы бар 19 қаланы қоса алғанда 61 аудан қамтылмаған. Оның негізгі себептері — ақпараттық технологиялар инфрақұрылымының жоқтығы, Бірыңғай есеп айырысу орталығының техникалық дайын болмауы, қосылудан бас тарту және басқалар. Жалпы бұл жүйеге осы жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен толық көшу жоспарланып отыр, — делінген ведомствоның ресми жауабында. 

Естеріңізге салайық, «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ТҮКШ саласына 10 трлн теңге инвестиция тартылатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар