Бірлік күні: Ақтөбеде қазақ тілінде жетік сөйлейтін полиция қызметкерлері марапатталды

полиция
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде мемлекеттік тілді дамытуға, ұлттар татулығы мен ынтымақтастығын нығайтуға үлес қосқан полиция қызметкерлері марапатталды. Қазақ тілін жетік білетін өзге этнос өкілдері департаменттің түрлі бөлімінде қызмет етіп жүр.

«Бір шақырақ астында» атты шараға түрлі бөлімде қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлері қатысты. Әсіресе қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің еңбегі зор. 

қазақ тілі
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

— Полиция департаментінде де өзге ұлт өкілдері бар. Олар күн-түн демей еліміздің, халықымыздың тыныштығына үлес қосып жүр. Су тасқыны кезінде ұлтқа бөлінбей, қызметке бөлінбей бәріміз атсалыстық. Бәрі ауызбіршіліктің арқасы деп айтуға болады, — деді Ақтөбе облыстық ПД бастығы Абай Жүсіпов. 

Бірлік күні барлығы 8 полиция қызметкері марапатталды. Оларға Алғыс хат берілді. 

— Бір шаңырақ астындағы достық пен өзара түсіністік одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болсын деймін. Өзім қазақ тілін жетік білемін. Ал полиция қызметі саласында еңбек етіп жүргеніме 10 жыл болды. Бос уақытта спортпен шұғылданамын әрі қазақ тілінде өлең шығарамын, — деді Ақтөбе қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының штаб инспекторы София Пономарева. 

Ақтөбелік полиция қызметкерлері тіл үйренудің өзіндік тәсілі мен қызықты сәттерін де бөлісті. Мәселен Зауыт полиция бөлімі Жергілікті полиция басқармасы қызметінің инспекторы Ольга Андрийчук жоғары оқу орнына түскенде қазақша мүлде сөйлей алмаған. Ал әріптесі керісінше, орыс тілін түсінбеген соң оқытушылары екі ұлт өкілін қатар отырғызған. Арада төрт жыл уақыт өткенде Ольга Андрийчук мемлекеттік тілді жетік меңгеріп шықты.

— Мен қазақша еркін сөйлей бастадым. Бұл үлкен жетістік. Үздік түлек болған соң маған қызмет ететін бөлімді таңдауға мүмкін берді. Сол себептен де Зауыт полиция бөліміне бардым. Өзім қазақ тілінде ән шырқағанды да ұнатамын, — деді Ольга Андрийчук.

Соңғы жаңалықтар
telegram