Бірлік күні: Астанада жөндеуден өткен үш аула пайдалануға берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Астананың Байқоңыр ауданында Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында кешенді жөндеуден өткен үш аула салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

ойын алаңы, балалар
Фото: Астана әкімдігі

Жаңартылған аулалар Республика даңғылы, 16, 18 және Отырар көшесі, 18 мекенжайларында орналасқан.

Аталған аумақтарда балаларға арналған ойын алаңдары жаңартылып, шағын сәулеттік формалар мен жаттығу құрылғылары орнатылды, сондай-ақ асфальт жабыны толық ауыстырылды.

Жөндеу жұмысы жаз мезгілі басталар алдында аяқталып, дәстүрлі Аула күнімен тұспа-тұс келтірілді.

ойын алаңы, балалар
Фото: Астана әкімдігі

Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманбердінің айтуынша, 2026 жылы ауданда аулаларды жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын іске асыру жоспарланып отыр.

— Биыл біз жаңадан 20 аула ашуды жоспарлап отырмыз. Онда жабын, шағын сәулеттік формалар, спорт алаңдары, орындықтар, қоршаулар мен асфальт толықтай жаңартылады. Бұдан бөлек, тағы 50 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Осылайша, аудан бойынша аулаларды жөндеу бойынша қажеттілікті толық жабамыз, — деді аудан әкімі.

Соңғы үш жылда Байқоңыр ауданында барлығы 252 ауланың 200-ден астамы жөндеуден өткен.

ойын алаңы, балалар
Фото: Астана әкімдігі

Жаңартылған аулаларды ашу дәстүрлі түрде тұрғындардың өздері ұйымдастыратын мерекелік іс-шарамен қатар өтеді.

— Біз жұмыстарды жазғы демалыс басталғанға дейін аяқтауға тырысамыз, сонда балалар, ата-аналар мен қарттар уақытын жайлы өткізе алады. Ал мерекелік іс-шара — тұрғындардың бастамасы: олар аниматорларды шақырып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отыр, ал біз атқарылған жұмыстың нәтижесін көрсетеміз, — деді Талғат Рахманберді.

Бірлік күні: Астанада жөндеуден өткен үш аула пайдалануға берілді
Фото: Астана әкімдігі

Әкімдік мәліметінше, абаттандыру жобалары тұрғындардың тікелей қатысуымен «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы әзірленеді.

Байқоңыр ауданының тұрғындары 1 наурызға дейін өз ұсыныстарын жолдап, онда болашақ ауланың эскизі мен сметасын ұсынған.

Бұдан бұрын елордада биыл қандай көшелер салынатыны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар