Бірнеше оқу орнының ішінен таңдауым «Реал Мадридке» түсті – шетелдегі қазақ қызы

АСТАНА. KAZINFORM – Күні кеше қазақ қызының мадридтік «Реал» клубына қызметке орналасқанын жазған едік. 

Бірнеше оқу орнының ішінен таңдауым «Реал Мадридке» түсті – шетелдегі қазақ қызы
Фото: Альбина Бунескудің жеке мұрағатынан

Маркетолог «Бүгін LIVE» бағдарламасына онлайн байланысқа шығып, әлемдік брендке айналған футбол құрамасына қалай тап болғанын айтып берді.

– Бұл өте қызықты жол. Менің алғашқы мамандығым – маркетолог. Алматыдағы КИМЭП университетін аяқтадым. Өз салам бойынша 13 жылдан бері қызмет етіп келе жатырмын. Мамандығымды қатты жақсы көремін. Өткен жылы спорттық маркетинг саласы бойынша білім алуға шешім қабылдадым. Ал оқу үшін Испания мемлекетін таңдадым. Бірнеше оқу орындарының ішінен таңдауым «Реал Мадридке» түсті. Себебі олар мемлекеттік үлгідегі диплом береді. Сонымен қатар Испанияда тұруға, үздіктерден білім алуға, әлемдік деңгейдегі брендтік клубта жұмыс істеуге оңтайлы мүмкіндік болды, – дейді Альбина Бунеску.

13 жылдан бері маркетология саласында тәжірибесі бар маман спорттық маркетологтың негізгі міндетін түсіндірді.

Альбина Бунеску
Фото: Альбина Бунескудің жеке мұрағатынан

– Спорттық маркетолог – спорт индустриясының кез келген бағытында федерациялармен, клубтармен, атлеттермен жұмыс істейді. Спорттық маркетологтың басты міндеті – ол қай салада жұмыс істесе де, сол спорттың атын шығару. Екіншіден, спортқа, спорттық ұйымға табыс табуға көмектесу. Яғни тиімді бизнес-модель құрып, тұрақты монетизация жолдарын ойластыру, брендтің танылуына жәрдемдесу, жанкүйерлермен ғана емес, осы салада дамуға көмектесетін кез келген адамдармен коммуникация құру. Үшінші функциясы – ұйымдастырылып жатқан түрлі спорттық шаралар мен турнирлерді басқару жұмыстарына көмектесу, – дейді маркетолог.

«Реал Мадридте» қызмет ететін қазақстандық ару еліміздегі спорт саласын дамытуды өзіне мақсат еткен.

– Оқуымды бітірген соң Қазақстанға қайтып, сонда жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Мен елімді қатты сағындым. Себебі менің спорттық маркетингті оқудағы негізгі мақсатым – Қазақстандағы спортты дамыту. Мен еліміздегі спорт саласынан өте үлкен болашақ көремін. Бізде жаңадан салынған, салынып жатқан спорттық ғимараттар өте көп. Бірақ менеджментке келгенде мамандар жетіспей жатады. Сол себепті осы бағытта терең білім алуым керектігін түсіндім, – дейді ол.

Айта кетейік, қазақстандық ару отандық дрондарды жасап шығармақ. 

Соңғы жаңалықтар