Бірінші лига: 10 тур бойы жеңілмеген «Оқжетпес» командасы «Ұлытауға» есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM – Көкшетаудың «Оқжетпесі» футболдан Бірінші лиганың ХХ турында Жезқазғанның «Ұлытау» командасына есе жіберіп, он турға созылған жеңіс сериясын тоқтатуға мәжбүр болды. 

Футбол
Фото: Мақсат Шағирбаев/ Kazinform

Қазір турнир кестесінде «Оқжетпес» өзгелерден оқ бойы озық тұр. Премьер-лига жолдамасына қол жеткізуге жақындап келеді. 

Ал, «Ұлытау» соңғы турларда жақсы көрсеткішімен көзге түсе бастады. Нәтижесінде үздік үштіктегі командаларға жақындады. 

Кездесу барысында 6-минутта жезқазғандық клубтан Абзал Таубай есеп ашса, 35-минутта Демият Сламбеков есепті үстемелей түсті. 

Осылайша «Оқжетпес» қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберіп, он тур бойы жеңіс сериясынан кейін үш ұпайды жоғалтуға мәжбүр болды.

Сондай-ақ бүгін Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Түркістанды» 3:1 есебімен тізе бүктірсе, Өскеменнің «Алтайы» «Таразды» 2:1 есебімен жеңді.

Енді 16 тамызда «Ақтөбе-2» мен «Хан тәңірі» (Алматы), «SD Family» (Астана) мен «Каспий» (Ақтау), «Жетісай» (Түркістан облысы) мен «Екібастұз» (Павлодар облысы), «Арыс» (Түркістан облысы) пен «Қайсар-2» (Қызылорда) командалары кездеседі.

Еске салсақ, Конференция лигасында «Астана» Румынияның «Корвинул» командасын ойсырата жеңді.

Соңғы жаңалықтар