Бірінші лигада «Жайық» клубы қатарынан үшінші ойынды жеңіспен түйіндеді

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан бірінші лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының 9-турында Оралдың «Жайығы» Семейде жергілікті «Елім-ай жастарымен» алаңға шықты.

f
Фото: Айбатыр Нұраш

Матч тағдырын бірінші тайм соңында «Жайықтың» ойыншысы Темірлан Үмбетов соққан жалғыз гол шешті.

Осылайша, Вячеслав Невольниковтің шәкірттері қатарынан үшінші бәсекеде жеңіске жетті. Бұдан бұрын 22 мамырда «Жайық» Ақтауда «Каспий жастарын» 1:0 есебімен ұтқан еді. Содан кейін Оралда өз алаңында 27 мамырда аса тартысты ойында «Ақтөбе жастарын» 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Қазіргі кезде «Жайық» командасы 15 ұпаймен турнир кестесінде жетінші орында тұр.

Осы турда премьер-лигаға шығуға үміткерлердің бірі – «Тараз» клубы күтпеген жерден өз алаңында «Астана жастарына» есе жіберді – 1:2. Ақтөбелік жастар өз алаңында «Академия Оңтүстіктен» ірі есеппен жеңіліп қалды – 1:4.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жайық» футбол клубының жаңа маусымдағы екінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.