Брюссельде тағы да атыс болды
АСТАНА. KAZINFORM – 17 ақпанда скутер мінген қарулы еркек Брюссель өңіріндегі Андерлехт коммунасындағы метро стансасында ер адамның аяғына оқ атып, жаралаған.

Бұл Еуропа астанасының осы аймағында соңғы апталарда орын алған бірінші оқиға емес.
Полиция бұған жергілікті есірткі сатушылар арасындағы қарулы қақтығыс себеп дейді.
- Бұл жолы бір адам аяғынан жарақат алды, деп хабарлайды Bruzz.
Содан кейін қаскүнем скутерге отырып қашып кеткен. Оқиға орнына сағат 23:25 шамасында полиция шақырылған.
Жәбірленушіге медициналық көмек көрсетіліп, жауап алынды. Сондай-ақ бірнеше куәгер де анықталды. Оқиға орнына сарапшы мен сот-тергеушілер келген. Тергеу жалғасып жатыр.
Ақпан айының басынан бері Андерлехт коммунасында есірткі топтары арасындағы қақтығыс салдарынан екі адам қаза тапты.
Ақпанның 5-і күні таңғы сағат алтылар шамасында Клемансо метро станциясында екі ер адам Калашников автоматынан оқ жаудырған. Ешкім зардап шеккен жоқ.
Келесі күні түнгі сағат үш жарым шамасында Клемансо маңында тағы да оқ атылды. Бұл жолы өтіп бара жатқан адам аяғынан жарақат алған.
7 ақпанда таңғы сағат 4-тер шамасында Питербос ауданында атыс болып, бір адам қаза тапқан.
Еске салайық, 15 ақпан күні сағат 21:30 шамасында «Клемансо» метро стансасында атыс болып, 19 жастағы жас жігіт мерт болған, қылмыскер қашып үлгерген.