Бүгін Алматыда ауа температурасы + 35 градусқа дейін көтеріледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Синоптиктер 7 қыркүйекте Алматы қаласында күн ысып, сынап бағанасы 35 градусқа дейін көтерілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Алматыда ауа температурасы + 35 градусқа дейін көтеріледі

Осыған байланысты Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын таулы-орманды жерлерде ашық отты пайдалану, от жағу, құрғақ және орылған шөпті өртеу қауіпті екенін ескертті.

«Естеріңізге салайық, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және белгіленбеген жерлерде от жаққаны үшін, орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 367-бабы бойынша әкімшілік айыппұл салуға уәкілетті.

Жеке тұлғаларға салынатын айыппұл сомасы 10-нан 100 айлық есеп көрсеткішке дейін белгіленген, яғни, 30 мың 630 теңгеден бастап 306 мың 300 теңге дейін жетеді. Өрттің зардабы ауыр болса кінәлілер қылмыстық жауапқа тартылуы да мүмкін», - деп ескертті қалалық ТЖД өкілдері.

Еске салайық, бүгін Алматыда Көктөбеден өрт шығып, ол сағат 20:35-де өр т толық сөндірілгенін хабарлағанбыз.

Сондай-ақ, желіде Алматыда ағаштарды өртеп жатқан адамның видеосы тараған болатын. Алматы полициясының хабарлауынша, ағаштарды өртеп жатқан адамның видеосы түсірілген жер анықталды. Қазір бұл оқиға бойынша тексеру жұмыстары басталды.