Бүгін бес қалада ауа сапасы төмендейді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қазақстанның бес қаласында жайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасып, ауа ластанады, деп хабарлайды «Қазгидромет».

— 2025 жылдың 6 ақпанда Павлодар, Өскемен, Семей, Риддер, Алматы қалаларында ауаның ластануының қолайсыз метеорологиялық жағдайы күтілуде, — делінген хабарламада.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар — атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың шоғырлануына ықпал ететін қысқамерзімді метеофакторлардың (тымық ауа райы, жеңіл жел, тұман, инверсия) жиынтығы.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде елдімекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы ықтимал.
Осыған дейін Қазақстанның 14 облысында және Астана қаласында бұрқасын, күннің күрт суытуына, тұманға байланысты ескерту жасалғанын жаздық.