Бүгін Бейбітшілік кеңесінің Газадағы өкілі Израильге барады

АСТАНА. KAZINFORM — Бейбітшілік кеңесінің Газа секторы бойынша жоғарғы өкілі Николай Младенов 26 қаңтарда Израильге баруды және Палестина анклавы мен Мысыр шекарасындағы Рафах өткелінің ашылуына қатысты ел басшылығымен келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр, деп жазды ТАСС

Бүгін Бейбітшілік кеңесінің Газадағы өкілі Израильге барады
Фото: РИА Новости

Бұл туралы америкалық журналист Барак Равид хабарлаған.

Дереккөздердің мәліметінше, өткелді ашу туралы шешім жақын күндері қабылдануы мүмкін. Младенов сапар барысында Газадағы бейбітшілік жоспарын жүзеге асыруға қатысты тағы бірнеше мәселені талқылауды жоспарлап отыр.

2023 жылғы 7 қазандағы шабуылдардан кейін Рафах өткелі анклавтағы Израиль әскерилері тікелей бақылай алмайтын жалғыз көпір болды. Соғыс басталғаннан бері оның жұмысы қауіпсіздік мақсатында бірнеше рет тоқтатылды. Дегенмен Рафах өткелінің анклав тұрғындарына гуманитарлық көмек жеткізуде маңызы зор.

Еске салайық, Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында 19 елдің өкілдері Газа секторын бейбіт реттеу аясында құрылған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қойды. АҚШ президенті Дональд Трамп ұйымға басқа мемлекеттердің де қосылғанын хабарлады. Бейбітшілік кеңесі Газа секторын басқару үшін құрылған, бірақ ол басқа аймақтардағы қақтығыстардың алдын алу және шешуге де қатысады деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар