Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы сырт алаңда Финляндиямен кездеседі
Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы сегізінші ойынын Финляндияға қарсы өткізеді, деп хабарлайды Kazinform.
Финляндия мен Қазақстан кездесуі 17 қазанда елорда уақытымен 22:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Кездесуде босниялық төрешілер бригадасы қызмет атқарады.
Бас төреші – Ирфан Пельто, оған Сенад Ибрисимбегович пен Давор Бельжо көмекшілік жасайды. Төртінші төреші – Милош Гигович.
Екі команда бұған дейін ресми ойындарда бес мәрте кездескен. Барлығында финлндиялық футболшылар жеңіске жетті.
Сондай-ақ аталған турда Солтүстік Ирландия мен Словения, Сан-Марино мен Дания құрамалары кездеседі.
Жеті турдан кейін H тобында 16 ұпаймен Словения мен Дания көш басында тұрса, одан кейінгі орындағы Финляндия мен Қазақстанның 12 ұпайы бар.
Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасы жеті кездесу өткізді. Ел құрамасы өз алаңында Словениядан – 1:2, Финляндиядан – 0:1, сырт алаңда Даниядан 1:3 есебімен жеңілсе, Данияны (3:2), Сан-Мариноны (3:0), Солтүстік Ирландия (екі мәрте – 1:0, 1:0) қапы қалдырды.