Бүгін Германияда футболдан XVII Еуропа чемпионаты басталады

футбол
Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Германияда футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты жалауын көтереді. 

Еуропаның үздік құрамаларының 51 кездесуі толығымен «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Құрлықтық дода ойындары Германияның Берлин, Дортмунд, Дюссельдорф,Майндағы Франкфурт, Гельзенхиркен, Гамбург, Кёльн, Лейпциг, Мюнхен, Штутгарт секілді қалаларында өткізіледі. Әлемдік доп додасында қазылық ететін төрешілер Англия, Аргентина, Германия, Испания, Италия, Нидерланд, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Словения, Түркия, Франция, Швейцария, Швеция елдерінен келген.

Алғашқы кездесу сағат 23:50-де өтеді. Алаң иелері Германия және Шотландия құрамалары шеберлік байқасады. 

Құрамалардың топқа бөлінуі мынадай:

А тобы: Германия, Шотландия, Венгрия, Швейцария.

B тобы: Испания, Хорватия, Италия, Албания.

С тобы: Словения, Дания, Сербия, Англия.

D тобы: Польша, Нидерланд, Австрия, Франция.

E тобы: Бельгия, Словакия, Румыния, Украина

F тобы: Португалия, Грузия, Түркия, Чехия.

Финалдық кезең 14 маусымда Германия мен Шотландия кездесуімен ашылады. 14-26 маусым аралығында өтетін топтық кезең ойындары 18:00, 21:00, 00:00-де басталады. Құрлықтық додада 30 маусым-2 шілде аралығында 1/8 финал ойналса, 5-6 шілдеде ¼, 9-10 шілдеде ½ финал өткізіледі. Финал 14 шілдеге белгіленген.

Еуропа чемпионаты 1960 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазірге дейін Германия, Испания - 3, Италия, Франция - 2, КСРО, Португалия, Чехословакия, Нидерланд, Дания мен Грекия - 1 мәртеден жеңіс тұғырына көтерілді.

Айта кетсек, футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына ең көп ойыншы жіберген командалар белгілі болды. Бұл тізім бойынша «Манчестер Сити» (Англия) және «Интер» (Италия) командалары көш бастап тұр. Екі команда құрамынан 13 футболшыдан құрлықтық бәсекеде өз елдерінің намысын қорғайды.

Сондай-ақ 2024 жылғы Еуропа чемпионатында ең қымбат футболшылар анықталды. 

Бірінші орынды 180 миллион еуромен Джуд Беллингем (Англия) және Килиан Мбаппе (Франция) өзара бөлісіп тұр.

Соңғы жаңалықтар