Бүгін - Халықаралық қар барысы күні

АСТАНА. KAZINFORM - Өткен ғасырдың соңында 100-ге жетер-жетпес қана қалған жыртқыштың саны бүгінде елімізде 200-ге жетті.

Қар барысы
Фото: Видеодан алынған кадр

Қызыл кітапқа енген аңды қорғап, көбеюіне жағдай жасау үшін Қазақстан мен Қырғызстан бірлесіп жұмыс істейді. Тиісті меморандумға жақында ғана қол қойылды.

Мамандардың айтуынша, кейінгі 10 жылда барыс саны айтарлықтай артқан. Бүгінде Ұлттық саябақтар мен қорықтарда 300-ге жуық фототұзақ орнатылған. 11 жыртқышқа GPS-і бар спутниктік қарғыбау тағылған. Бұл шара жыртқыштардың популяциясын үздіксіз қадағалауға мүмкіндік береді. 

«Жалпы, бұл күн атаулы даталар тізіміне 11 жыл бұрын қосылды. 2013 жылы 23-ші қазанда Қар барысын сақтау жөніндегі Бішкек декларациясы қабылданды. Құжатқа 12 елдің өкілдері қол қойд», — дейді БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму Бағдарламасының жануарлар дүниесін басқару жөніндегі сарапшысы Айман Омарбекова.

Айта кетейік, Қырғызстанда қар барысын өлтіргендерге салынатын айыппұл 2 миллион сомға дейін өсті.

Соңғы жаңалықтар