Бүгін Өзбекстан президенті Астанаға келеді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Орталық Азия – Италия» форматындағы саммитке қатысу үшін бүгін Астанаға барады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бүгін Өзбекстан президенті Астанаға келеді
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Саммитке Орталық Азия елдерінің президенттері мен Италия Министрлер кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони қатысады.

Ауқымды іс-шара барасында мемлекет басшылары өңірлер арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, оның ішінде «жасыл» экономика, инвестиция, инновация және ғылым салаларындағы байланыстарды бекемдей түсу мүмкіндігін қарастырады.

Еске салайық, «Орталық Азия – Италия» саммитіне қатысу үшін бірнеше сағат бұрын Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Астанаға келді.

Сонымен қатар бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қазақстанға жұмыс сапарымен келіп, «Орталық Азия - Италия» бірінші саммитіне қатысатынын жазып едік.

 

Соңғы жаңалықтар