Бүгін – Православ христиандарының Рождество мерекесі
АСТАНА. KAZINFORM – 7 қаңтар күні әлемнің барлық православ христиандары басты діни мерекелерінің бірі – Иса пайғамбардың туған күні саналатын Рождествоны атап өтеді.

Православ Рождествосының ерекшеліктері
католиктер мерекелейтін 25 желтоқсандағы Рождестводан айырмашылығы – православтық Рождество 7 қаңтарда аталып өтеді. Бұл айырмашылық православ дәстүрінде Юлиан күнтізбесінің қолданылуымен түсіндіріледі, ал католик шіркеуі Григориан күнтізбесін қолданады.
Мерекенің мағынасы
Иса Мәсіх Рождествосы – әлемнің жүзден астам еліндегі христиандар үшін ең маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн Иса пайғамбардың дүниеге келу құрметіне белгіленген және адамның Құдаймен тіл табысуын бейнелейді.

Шіркеу ілімі бойынша, Рождество – Исаның кешірім үшін жасаған ерлігін және күнәға батқан алғашқы адамдар табиғатының жаңаруын білдіреді.
Мереке дәстүрлері
Иса Мәсіх Рождествосы 40 күндік Рождество оразасының аяқталуымен тұспа-тұс келеді. Ораза 6 қаңтарда, Сочельник деп аталатын күні оразаны қатаң сақтаумен аяқталады.
Қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні православ шіркеулерінде салтанатты рождестволық ғибадаттар өткізіледі, онда Інжіл оқылып, дұғалар мен салтанатты әндер айтылады.
Рождестводан кейін Құтқарушының дүниеге келуіне арналған 12 күндік мереке – Святки басталады. Святки 19 қаңтарда шоқыну мерекесімен аяқталады, бұл Иса Мәсіхтің жердегі қызметінің басталуын білдіреді.
Қазақстанда қанша православ бар?
2021 жылы жүргізілген соңғы санақ мәліметінше, Қазақстан халқының 17,19%-ы христиандықты ұстанады. Оның ішінде 17,04%-ы православ бағытында, бұл - Қазақстандағы христиандардың ең көп бөлігі. Көрсеткіш славян халқының дәстүрлі түрде осы христиандық бағытты ұстануымен байланысты.

Қазақстанда шамамен 345 православтық діни бірлестік бар, оның ішінде 335 приход орыс православ шіркеуіне қарайды. Бұл приходтар Қазақстандағы Православ шіркеуінің митрополиттік округін құрайды, оның орталығы Астана қаласында орналасқан.
Орыс православ шіркеуіне жататын бірлестіктерден бөлек, Қазақстанда Армян апостолдық шіркеуі, 7 ескі дәстүрлі шіркеу және Ресей православ шіркеуінің шетелдік бөліміне тиесілі 2 шіркеу жұмыс істейді.
Астанаға жеткізілген қасиетті бұйымдар
Православ Рождествосы қарсаңында және басқа да маңызды күндерде Қазақстанға Ресей православ шіркеуі үшін қасиетті дүниелер әкелінетін. Бұл сенушілердің рухани бірігуіне және православ дәстүрлерінің нығаюына ықпал етеді деп саналады.

Астанаға әкелінген қасиетті жәдігерлер:
• 2012 жыл – Астананың Успен кафедралдық соборында Ватиканның Мемлекеттік хатшысы кардинал Тарчизио Бертоне бастаған делегация апостол Андрей Первозванныйдың сүйегінің бір бөлшегін тапсырды.
• 2017 жыл – 17 мамырда Түркістан епархиясының 145 жылдығына арналған салтанатты шаралар аясында Астананың Успен соборына «Зұлым жүректерді жұмсартушы» Әз Ананың иконасы жеткізілді.
• 2019 жыл – Қаситетті Әз ананың ғажайып феодоровтық иконасы Астана, Алматы және Қарағанды қалаларына әкелінді. Бұл Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кириллдің батасымен жүзеге асырылды.
• 2022 жыл – Троицк-Сергиев Лавр храмынан Астанаға Сергий Радонежскийдің мүрдесі жеткізілді, бұл оның мүрдесінің табылуының 600 жылдығына арналды.
• 2024 жыл – Мәскеулік Матрона әулиесінің мүрдесі Қазақстан астанасына жеткізілді.
• 2024 жыл – Желтоқсанда азапталушы әулие Екатеринаның мүрдесі Астананың Успен кафедралдық соборына әкелінді.
Қазақстандық православтар Рождествоны қалай тойлайды
6 қаңтардан 7 қаңтарға қараған түні елдегі барлық шіркеулерде рождестволық құлшылық рәсімі өтті.

Астана және Қазақстан митрополиті Александр Алматыдағы Вознесенск кафедралық соборында мерекелік литургияны жүргізді. Литургия 6 қаңтарда сағат 23:00-де басталды және оны онлайн көруге мүмкіндік болды.
Астанадағы Успен кафедралдық соборында мерекелік қызметті Қазақстан Православ шіркеуінің іс басқарушысы, Қаскелең епископы Геннадий өткізді.
Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың айтуынша, Рождество түні мен Святкидің барлық күндерінде Қазақстан храмдарында бейбітшілікті қалпына келтіру, өшпенділікті жою және махаббатты көбейту үшін дұғалар жасалады.