Бүгін Рымғали Нұрғалидің туғанына — 85 жыл
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, жазушы Рымғали Нұрғали тірі болса бүгін 85 жасқа толар еді.

Қазақ әдебиетінің, театры мен драматургиясының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға — Рымғали Нұрғали. Ол — тек ғалым емес, қазақ сөз өнерінің жанашыры, әдебиет пен мәдениет кеңістігінде жұлдыздай жарқ еткен қайраткер.
1940 жылы 1 маусымда Семей өңірінің Қайнар ауылында дүниеге келген Рымғали Нұрғалиұлы — тұтас бір дәуірдің әдеби шежіресін жазып кеткен. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін тәмамдаған ол алғаш еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінде тілшілікпен бастап, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Павлодар, Целиноград пен Қостанай аймақтарынан фольклор жинап, очерктер жазды.
Рымғали Нұрғали — М.Әуезовтің драматургиясын терең зерттеп, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын ғылыми тұрғыда талдаған тұңғыш ғалымдардың бірі. Жұмат Шанин туралы жазған еңбегі қазақ театр өнерінің шежіресі іспеттес. Сонымен қатар ол «Абай» энциклопедиясының бас редакторы, 11-сыныпқа арналған әдебиет оқулығының авторы ретінде де ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосты.
Оның ғылыми және шығармашылық жолы — қазақтың рухани тарихымен сабақтас. Әлемнің АҚШ, Франция, Германия, Иран, Түркия секілді ондаған елінде Қазақстан атынан баяндама жасап, ұлттық әдебиетті халықаралық деңгейде танытқан ғалымның еңбегі бүгінде ғылым мен білім саласындағы маңызды мұраға айналып отыр.
Ол аударма саласына да сүбелі үлес қосты. Л.Толстойдың, Н.Погодиннің, Ә.Кешоковтың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, көркем әдебиеттің көкжиегін кеңейтті. «Ай қанатты арғымақ» романы мен «Дән» новеллалар жинағы әдеби сын тарапынан жоғары бағаланып, оқырман жүрегінен ойып тұрып орын алды.
2010 жылы өмірден озған Рымғали Нұрғали артында ұшан-теңіз ғылыми мұра мен рухани байлық қалдырды. Оның шығармашылығы — қазақ әдебиетінің тарихын, тағдырын, болашағын баяндайтын құнды қазына.
Сол жылы «Рымғали Нұрғали мұрасы және қазіргі әдебиет пен тіл ғылымының көкейкесті мәселелері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда ҚР Мәдениет министрі болған Мұхтар Құл-Мұхаммед «Рымғали Нұрғали — жаңа замандағы ренессанстық тұлға» деп пікір білдірген еді.
— Осы Еуразия ұлттық университеті атын иемденген Гумилев бір адамның суырылып алға шыққан үрдісін «пассионарлық» деп атаған. Ол адам қоғамның үлкен интеллектуалдық күштерін өзімен бірге ертіп әкетеді. Оның артынан өркениеттің дүмпуі орын алады. Егер біз ежелгі Мысырдың, я болмаса, көне Қытайдың тарихын алып қарасақ, ондай қоғамдық құбылыстарды көптеп көре аламыз. Мысалы, Эсхилдың, Еврипидтің, Софоклдың трагедиялары бүкіл драмматургияны, оның ішінде трагедия жанрын адам баласы бұрын-соңды білмеген биігіне көтерді. Әлі күнге дейін олардың шығармалары әлемнің ең үздік театрларында адамзат ақыл-ойының асыл қазынасы ретінде қойылып жүр. Міне, сол сияқты қазақтың ақыл-ойында осындай үлкен қозғалысты жасаған ұлы Абай болды. Сол Абайдың туған топырағында Рымғали Нұрғали дүниеге келген. Оның феноменін және ренессанстық тұлға ретіндегі құпиясын осы топырақтан іздеу қажет, — деді ол.
Қазақ руханиятының өрісін кеңейткен, әдебиет пен ғылымды ұштастырып, кейінгі ұрпаққа жол сілтеген көрнекті қайраткер Рымғали Нұрғали тірі болса биыл 85 жасқа толар еді. Оның өмір жолы — ұлтқа қызмет етудің шынайы үлгісі.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан туралы үздік романның авторы өмір бойы ай сайын 500 доллар алатындығы туралы жазғанбыз.