Бүгін түнде екі облыста қар құрсауында қалған 28 адам құтқарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін түнде Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында, Ступинка мен Семиполка ауылдарының арасында қар жауып, жолды басып қалуы салдарынан бірнеше автокөлік жолда қалып қойды.

құтқарушылар
Фото: СҚО ТЖД баспасөз қызметі

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына жедел түрде ТЖМ құтқарушылары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жетті. Қар құрсауында қалған 7 жеңіл автокөлік шығарылып, олардың ішінде болған 20 адам, соның ішінде 3 бала құтқарылды.

Көліктер тазартылған жол бөлігіне сүйреліп шығарылып, адамдар жақын маңдағы елді мекендерге дейін жеткізілді.

Зардап шеккендер жоқ, ешкімге медициналық көмек қажет болған жоқ.

Сондай-ақ Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында, Ақтасты ауылынан 30 шақырым жерде екі жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды.

Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ құтқарушылары жол талғамайтын техниканың көмегімен 8 адамды эвакуациялап, оларды Толыбай елді мекеніне жеткізді. Зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек қажет болған жоқ.

Айта кетейік, бүгін Қазгидромет еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасады.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум