«Бұл — ортақ жеңіс»: Президенттен марапат алған ұстаз бен шәкірт әсерімен бөлісті
АСТАНА. KAZINFORM — Кеше Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларында жүлде алған оқушылар мен студенттерді марапаттады. Жиынға 21 лауреат, олардың ұстаздары мен тәлімгерлері қатысты.
Қазақстандық жастар физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика бойынша өткен халықаралық олимпиадаларда 6 алтын, 11 күміс және 4 қола медаль иеленген.
Жеңімпаздарды дайындаған ұстаздардың да еңбегі еленді. Бірқатар педагог мемлекеттік наградалармен, соның ішінде «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталды.
Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасына Мемлекет басшысының қолынан марапат алған Мансұр Мамадахунов пен оның ұстазы Мейрамгүл Кенжеханова қонақ болды.
Мейрамгүл Кенжеханова — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімі. Ол күні кеше көп жылдық ұстаздық еңбегі мен шәкірттерін халықаралық олимпиадаларға дайындағаны үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.
— Атым аталған сәтте қатты қобалжыдым. Әрине, қуаныштымын. Бұл — менің ғана емес, шәкірттерімнің, әріптестерімнің және ата-аналардың ортақ жеңісі. Мемлекеттің ұстаз еңбегін жоғары бағалауы бізге үлкен мотивация беріп, зор сенім жүктейді, — деді ұстаз.
Ал оның шәкірті Мансұр Мамадахунов информатикадан халықаралық олимпиадада күміс медаль иеленген. Ұстазының айтуынша, бұл — жүйелі дайындық пен бірнеше маманның бірлескен еңбегінің нәтижесі.
— Бұл жетістікке жүйелі жұмыстың арқасында қол жеткіздік. Мұнда мұғалім мен шәкірттен бөлек, профессорлар мен олимпиада жаттықтырушыларының да үлесі бар. Ал баланың дамуына ең үлкен инвестиция салатын — ата-ана, — деді Мейрамгүл Кенжеханова.
Халықаралық олимпиада 9–10 тамызда Ташкент қаласында өтті. Жарыс екі кезеңнен тұрды. Әр кезеңде қатысушыларға үш күрделі есептен берілді. Байқауға 90-нан астам мемлекеттен 370-ке жуық оқушы қатысқан.
— Ақордаға барып, Президенттен марапат алғаныма қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен мотивация болды. Алдағы уақытта одан әрі дамуға жігер берді. Атым аталған сәтте қатты қобалжып, бірден сене алмадым, — деді Мансұр Мамадахунов.
Жас өреннің информатикаға қызығушылығы 7-сыныпта артқан. Оған дейін математикаға бейім болған Мансұр кейін информатикаға ден қоя бастаған.
— Маған информатикада күрделі есептің шешімін бірнеше сағат ойланып, өзің табатының ұнайды. Шешімін тапқан сәтте ерекше сезімде боласың, — деді ол.
Мейрамгүл Кенжеханованың айтуынша, олимпиадаға дайындық оқушының білімін тереңдетіп қана қоймай, ойлау қабілетін де дамытады.
— Мектептегі білім — берік іргетас. Ал олимпиадада жинаған тәжірибе мен білім сол іргетастың үстіне қаланған ғимарат іспетті. Олимпиадалар оқушының білімін тереңдетіп қана қоймай, жоғары деңгейде ойлау қабілетін қалыптастырады, — деді ұстаз.
Айта кетейік, Президент олимпиада жүлдегерлеріне сыйақы сертификаттарын да табыстады.