Бурабай курортында қысқы маусым жабылды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Бурабай курортында қысқы маусым жабылды. Демалушылар үшін қысқы маусым 2023 жылдың 1 желтоқсанынан 2024 жылдың 22 наурызына дейін 113 күнге жалғасты. Осы аралықта Бурабайға 250 мың адам келіп демалған.


Туристерді әсем табиғаты, саф ауасымен тартымды Бурабайдың қысқы демалыс орындары қарсы алып, демалыстарын қызықты өткізе мүмкіндік жасады.
Туризм және маркетинг бөлімінің бастығы Шыңғыс Оразалиннің айтуынша, туристер үшін Бурабай жылдың барлық маусымында қызмет көрсететін курорт. Мұнда жылдың кез-келген уақытында келіп, демалысты қызықты әрі тартымды өткізуге болады. Жыл бойы курортта табиғат мұражайы, хайуанаттар бағы, мультимедиялық интерактивті кешен, марал шаруашылығы, Қазақстан Лапландиясы тәрізді туристік нысандар үзілісіз жұмыс істейді. Оларды ҚР Президентінің Іс басқармасының жанындағы «Бурабай даму» ЖШС басқарады.
«Биылғы маусымда «Бурабай даму» ЖШС нысандарын 25 мың адам қонып кетті. Сонымен қатар, қыста тау шаңғысы базалары жұмыс істеді, олар туристер үшін танымал демалыс түрі болып табылады», - дейді Шыңғыс Оразалин.
Айта кетсек, бұдан бұрын Бурабайдағы туристік нысандар жазғы маусымға дайындалып жатқандығын жазған едік.


