Бурабайда геймификация элементтері бар экомаршрут ашылды

АСТАНА. KAZINFORM –  «Бурабай» ұлттық паркінде туристердің жаяу жүруіне арналған «Бөлектау» жолы абаттандырылды. 

Бурабайда геймификация элементтері бар экомаршрут ашылды
Фото: «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ

Заманауи әрі қауіпсіз бағыт туристер үшін жаңа тартымды орынға айналмақ.

Цифрлық шешімдердің қолданылуы оның ерекшелігіне айналмақ. Меймандар жолды QR-кодтарды, аудиогидті және Telegram-ботты қолданып, квест форматында өте алады. «Бөлектау» экологиялық бағыты табиғаты көркем аумақ арқылы өтеді. Ол кіреберіс аркадан басталып, демалыс аймағындағы самалжайға жетпей аяқталады.

Бұған дейін осы қашықтықтағы жол тауға шығатын туристерге қауіп төндіруі мүмкін бағыттардың бірі саналған. Енді абаттандырылған маршрут белсенді саяхатшылардан бастап балалары бар отбасыларға дейінгі келушілердің кең ауқымына да қолжетімді болды.

Бурабайда геймификация элементтері бар экомаршрут ашылды
Фото: «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ

— Экологиялық және танымдық туризмді дамыту — басты басымдықтарымыздың бірі. Бұл салаға жеке сектордың белсенді атсалысуы аса маңызды. Бурабайдағы экомаршруттың абаттандырылуы — бизнестің ұзақмерзімді, әлеуметтік маңызды бастамаларға инвестиция сала алатындығының нақты үлгісі. Бұл тек туристік инфрақұрылымды жақсартумен шектелмей, табиғатқа деген жауапкершілікті де қалыптастырады. Бизнестің мемлекетпен тиімді әріптестігі тұрақтылықты, қолжетімділік пен сапаны дамытуға ықпал етеді, — деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.

Бағыт бойында Бөлектаудың флорасы, фаунасы және аңыздары туралы ақпараттық стендтер орнатылған.

Бурабайда геймификация элементтері бар экомаршрут ашылды
Фото: «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ

Сонымен бірге қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі аудиогидті қолдануға қажетті QR-кодтар қарастырылған. Ыңғайлы жолды абаттандыру кезінде экологиялық таза материалдарға ерекше мән берілді.

Орталық стенд күн сәулесі түскен кезде ауаны тазартатын инновациялық фотокаталитикалық жабынмен жасалған. Жаяу жүретін туристер үшін экологиялық жолдың ашылуы Ақмола облысы үшін үлкен маңызға ие. Алғашқы келушілер бұл маршруттан өтіп, аудиогидті сынап көріп, квест тапсырмаларын бағалауға мүмкіндік алды.

Еске салсақ Астана — Бурабай бағытында тағы бір қосымша электр пойызы қатынайтын болды

Соңғы жаңалықтар