Бурабайда туристер қауіпсіздігін жасанды интеллект күзетеді

БУРАБАЙ. KAZINFORM — Жыл басынан бері Бурабай курорттық аймағына миллионнан астам турист келген. Аумақтың қауіпсіздігін күшейту үшін жергілікті полицейлер жасанды интеллектпен бірлесе жұмыс істеуді бастады. Жаңа жүйе толығымен отандық өнім және Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің деректер базасымен біріктірілген. Республика бойынша оған Алматы, Атырау облыстары мен Бурабай ауданы ғана қосылған.

Бурабайда туристер қауіпсіздігін жасанды интеллект күзетеді
Фото: Kazinform

Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың айтуынша, ауданда 79 жаңа камера TargetAI интеллектуалды бағдарламасымен интеграцияланды. Бұл құрылғыларда адамның бет-жүзін тану, көліктерді іздеу және мемлекеттік нөмір бойынша бақылау мүмкіндігі іске қосылған. Тіпті көліктің жүріп өткен маршрутын жинақтап бере алады.

Бурабайда туристер қауіпсіздігін жасанды интеллект күзетеді
Фото: Kazinform

– Егер турист немесе кішкентай бала жоғалып кетсе, оның сипаттамасын толық енгізуге болады. Қызыл жейде, қара шалбар киген, 6-7 жасар баланы табу туралы команда берілсе, жасанды интеллект сол сипаттамаға сай келетін адамдарды көрсетеді. Жасанды интеллект адамды қай жерде жүргенін, қай көлікпен жүргенін толық табуға көмектеседі: мемлекеттік нөмірді енгізіп, көліктің қала ішінде қай бағытпен кеткенін немесе қаладан шыққанын анықтай аламыз, – деді аудан әкімі тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен бірге, ақылды жүйе Ішкі істер министрлігінде пробациялық бақылау мен есепте тұрған, іздеу жарияланған адамдардың, заңсыз мигранттардың бет-жүзін таниды. Олар аудан аумағына кірсе, полиция бөлімінің қызметкерлері мұны бірінші болып біледі. Олар мектептің қасынан өтсе, адам көп жиналатын орындарға барса, жүйе белгі беріп отырады.

Мерей Рамазанұлы
Фото: Kazinform

– Биыл Мемлекет басшысы суперкомпьютерді іске қосты және бірыңғай ұлттық бейнебақылау жүйесі әзірленуде. Бурабай ауданының жүйесі осы интеграцияға дайын. Жасанды интеллект жүйесі іске қосылғалы 1200-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Қазір біз жүйеге түтін анықтау функциясын да қосып жатырмыз. Бізде 63 есе үлкейтетін екі үлкен камера бар. Қалада түтін пайда болса, төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, жедел әрекет ете аламыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Мерей Рамазанұлы.

Жүйе функциялары әлі жетілдіріліп келеді. Мысалы, әкімдік қанша көлік кіргенін анықтау функционалын қосып, туристер ағынын саралап, қай өңірден қандай контингент келетінін анықтауды көздеп отыр.

Бурабайда туристер қауіпсіздігін жасанды интеллект күзетеді
Фото: Kazinform

Тұрғындар рұқсат етілмеген жерде қоқыс тастаса, бұл аймақ анықталып, дабыл қағылады. Алайда, мұндай бақылау үшін камера санын көбейту қажет.

– Қазір бізде 79 жаңа және 191 бұрынғы камера бар. Әсіресе халық көп жүретін жерлер камерамен қамтылған. Біз жүйені кеңейтеміз және алдағы екі айда тағы 50 камераны қосымша орнатамыз. Аудандық полиция, ҰҚК, прокуратура қызметкерлерінен құралған арнайы комиссия камера орнатылмаған орындарды анықтап, жүйе жұмысын жақсартады, – дейді әкімдік өкілі.

Бурабайда туристер қауіпсіздігін жасанды интеллект күзетеді
Фото: Kazinform

Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жасанды интеллектті барлық салаларға енгізу бастамасын көтерді.

Кеше Жаслан Мәдиев ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды.

Сондай-ақ, Бурабайда геймификация элементтері бар экомаршрут ашылды.

Соңғы жаңалықтар