«Балдәурен» орталығында балалар санитарлық талаптарға сай емес, тар жерде тұрып келген

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Бурабай ауданының прокуратурасы «Балдәурен республикалық оқу-сауықтыру орталығы» РМҚК қызметіне тексеру жүргізіп, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың жүйелі бұзылуын және лагерьдің жобалық қуатының асыра пайдаланылғанын анықтады.

экологический лагерь
Фото: recyclemag.ru

Ақмола облыстық прокуратурасының мәліметтеріне қарағанда, техникалық паспортқа сәйкес, орталық 400 орынға арналған. Алайда іс жүзінде бір ауысымда 574 бала орналастырылған, бұл рұқсат етілген нормадан 43%-ға артық.

Балаларды орналастыру үшін 12 оқу кабинеті пайдаланылған. Бұл бөлмелер санитарлық тораптармен жабдықталмаған, гигиеналық талаптарға сай келмейді және кәмелетке толмағандардың денсаулығына қауіп төндіреді. Норма бойынша бір бөлмеде 6 бала болуы тиіс болса, іс жүзінде 9 балаға дейін орналастырылған.

Айрықша назар аудартатыны – мемлекеттік квота есебінен тегін демалып жатқан балалар тар және қолайсыз бөлмелерде орналасса, ал ақылы негізде келген балалар бөлек, барлық жағдайы жасалған бөлмелерге жайғастырылған.

- Анықталған заңбұзушылықтарды жою, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту және болашақта балалардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмеу үшін прокурорлық қадағалау шаралары қабылданды,- делінген хабарламада.

Осыған дейін Алматы прокуратурасының Мемлекеттік кірістер департаменті ғимаратының бір бөлігін қайтарып алғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар