«Бурановские бабушки» ансамблі ЭКСПО-да өнер көрсетеді

Шараға ресми делегацияны бастап Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Аркадий Дворкович келеді.
Ресей Ұлттық күнінің ашылу салтанаты түскі уақытта ЭКСПО көрмесінің сахнасында басталып, ауқымды шерумен аяқталады.
Осы күні аталмыш елдің мәдениет ұжымдарының гала-концерті өтеді.
8 қыркүйек күні көрме қонақтары «Россия» мемлекеттік академиялық орыс халық ансамблінің, танымал музыкант-сырнайшы Вадим Эйленкригтің, «Бурановские бабушки» ансамблінің, CoffeetimeBand вокалдық жобасының, «Славяне» фольклорлық тобының, «Алтай» мемлекеттік жастар ән-би ансамблінің, «Сибирская забава» халық музыка ансамблінің, «Сладоцвет» вокалдық ансамблі мен басқа да әртістердің өнерін тамашалай алады. Айта кетсек, «Бурановские бабушки» ансамблі 2012 жылы «Еуровидение» байқауында Ресейдің намысын қорғаған болатын. Оның нәтижесі бойынша, екінші орынды жеңіп алды. Осыдан кейін әжелер ансамблі әлем бойынша кең танымалдылыққа ие болды.
Мереке аясында іскерлік бағдарламалар да жоспарланған. 8 қыркүйек күні Ресейдің серіктестігімен ұйымдастырылатын XI Kazenergy еуразиялық форумында «Таза» энергетика - болашаққа салынған үлес» бағдарламалық сессиясы өтеді.
Сондай-ақ, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының серіктестігімен «Атом саласы үшін жаңа технологиялар мен шешімдер» тақырыбында бағдарламалық сессия және XI Kazenergy еуразиялық форумының пленарлық отырысы жоспарланған. Салтанатты және іскерлік іс-шаралар 18.00-де аяқталады.
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылуы 10 қыркүйек күні өтеді.