Бұрын-соңды болмаған мүмкіндік: Халық кеңесі арқылы саясатқа келу шегі төмендейді

АСТАНА. KAZINFORM — Саясаттанушы Марат Шибұтов жаңа Конституция туралы әлеуметтік желілерде тараған қауесеттерді, жорамалдар мен фейктерді жоққа шығарды.

политолог Марат Шибутов
Фото: t.me/konstituciyalikreforma

— Соңғы бірнеше күнде әлеуметтік желілерге үңіліп, көп жаңа дүниені білдім. Кей адамдар біздің Комиссиямыздың жұмысы туралы отырысқа қатысып жүрген менен де көбірек «білетін» сияқты. Олар Конституция жобасы әлі жарияланбай тұрып-ақ небір жалған ақпараттар жазып үлгерген, — деді М. Шибұтов елордада Конституциялық комиссияның жетінші отырысында.

Оның айтуынша, құжат кез келген адам оқып, танысуы үшін көпшілікке ашық түрде жарияланғаннан кейін де ақпаратты әдейі бұрмалау тоқтамаған.

— Оны ешкім оқымайды деп ойлайтын шығар. Меніңше, мұндай адамдарды жауапкершілікке тарту керек, өйткені бұл ойыншық емес, адамдар оның аса маңызды мәселе екенін түсінуі тиіс. Мысалы, Халық кеңесі тұрғанда, «жаңа Конституция жобасы саяси монополияға әкеп соғады» деп қайта-қайта жазудың қандай қажеті бар, — дейді саясаттанушы.

Саясаттанушы нақты есептерді де келтірді. Қазір Қазақстан Республикасының Сенаты 40 мәслихат өкілінен, Президент квотасы бойынша 5 адамнан және Қазақстан халқы Ассамблеясының 5 өкілінен құралған.

Ал Халық кеңесіне мәслихат өкілдерінен бөлек, қоғамдық кеңестердің мүшелері де енгізіледі, ҚХА өкілдерінің саны 5-тен 42-ге көбейтіліп, қоғамдық ұйымдардан — 42 адам қосылады. Осылайша, жаңа саяси институттағы азаматтық өкілдік Қазақстан тарихындағы ең ауқымды деңгейге жеткізілмек.

— Халық кеңесі көптеген адам үшін саясатқа келу шегін айтарлықтай төмендетеді, бұрын-соңды мұндай мүмкіндік болмаған. Бұл өте маңызды, — деді Марат Шибұтов.

Бұған дейін Мұрат Әбенов Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдерден Конституция басым тұратынын, бірінші кезекте Ата заң баптары қолданылатынын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар