Бұрынғы Еңбек вице-министрі Ақмәди Сарбасовқа қандай айып тағылып отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл шілдеде бұрынғы Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов қамауға алынды. Kazinform агенттігі Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментіне ресми сауал жолдап істің мән-жайын сұраған еді. 

Ақмәди Сарбасов
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Атап айтқанда, экс-шенеунікке қатысты қозғалған қылмыстық істің мәртебесін, айыптың мәнін, қылмыстық кодекстің бабын, бұлтартпау шарасын және тергеу сатысын нақтылауға тырыстық. 

— «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Сарбасов А.А.-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағында көзделген аса ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын хабарлаймыз, — деп түсіндірді департаменттен.

Аталған бап бойынша Ақмәди Сарбасовқа 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, пара мөлшерінің 60–70 еселенген сомасы көлемінде айыппұл салу, мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

— Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығы ақпараттық қызмет көрсету кезінде мүддесін ілгерілету үшін «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшылығына жүйелі түрде заңсыз сыйақы беріп отырған, — деген жауап алдық ведомстводан.

Еске сала кетейік, Ақмәди Сарбасов қызметінен биыл сәуірде босатылды

Ал биыл 1 шілдеде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі экс-вице-министрдің ұсталғанын растады

Соңғы жаңалықтар