Бұрынғы ханзада Эндрю тақ мұрагері тізімінен шығарылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Британ үкіметі Эндрю Маунтбаттен-Виндзорды корольдік мұрагер тізімінен алып тастайтын заңнаманы енгізуді қарастырып жатыр, деп хабарлайды Sky News.

Бұрынғы ханзада Эндрю тақ мұрагері тізімінен шығарылуы мүмкін
Фото: ТАСС

Дереккөз атап өткендей, толық шешім полицияның ағымдағы тергеуі аяқталғаннан кейін қабылдануы мүмкін.

Қазіргі уақытта Эндрю мұрагерлік тізімде ханзада Уильям мен оның үш баласынан, сондай-ақ ханзада Гарри мен оның екі баласынан кейін сегізінші орында тұр. Мұрагерлік тәртібіндегі кез келген өзгеріс ұлттар достастығының басқа патшалықтарымен және осы мәселенің халықаралық маңыздылығын ескере отырып, ұзақ мерзімді кеңесуді қажет етеді.

20 ақпанда жүргізілген YouGov сауалнамасы бойынша респонденттердің 82%-ы Эндрюді мұрагерлік қатардан алып тастау идеясын қолдады. Түпкілікті шешім тергеу және достастықтың басқа мемлекеттерімен кеңесу нәтижелеріне байланысты болады.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қараша айына дейін ханзада Эндрю титулын иеленген Эндрю Маунтбаттен-Виндзор Ұлыбританияда қамауға алынды.

Бұдан бұрын ІІ Елизавета патшайымның екінші ұлы және ІІІ Карл патшаның інісі Эндрю өзінің титулын және оған берілген құрметтерді пайдаланбайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ оның Виндзор сарайынан Сандрингемдегі корольдік иелігіндегі жерге көшетіні туралы хабарланды.

Бұған дейін Эндрю Маунтбаттен-Виндзордың есімі Эпштейн ісінің соңғы құжаттарында аталған болатын.

Соңғы жаңалықтар
Референдум