БҰҰ 2026 жылғы қысқы Олимпиаданың бітімгерлік туралы қарарын қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Бас Ассамблеясы (БА) Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында 2026 жылы өтетін қысқы Олимпиада кезінде олимпиялық бітімгерлікті сақтау жөніндегі резолюцияны қабылдады, деп хабарлайды ТАСС.

2026 жылғы Олимпиада
Фото: ҚР ҰОК

«Спорт арқылы Жер бетіндегі бейбітшілікті нығайту және адамдардың бақытты өмірін құру және олимпиялық идеалдарды іске асыру» деп аталатын қарар жобасы консенсуспен қабылданды.

— Біз спорт пен саясатты бөліп қарастыру үшін иық тірестіре жұмыс істеуіміз керек. Бұл спортшылардың қабылдаушы елдерге келіп, жарыстарға қатысуға мүмкіндігі болуы тиіс дегенді білдіреді. Олар саяси себептермен виза берілмей қалу қаупіне тап болмауы керек, — деді дауыс берердің алдында Халықаралық олимпиялық комитеттің (ХОК) президенті Кирсти Ковентри.

Құжат тоғыз тармақтан тұрады, олардың біріншісі — Олимпиада басталардан жеті күн бұрын басталып, Паралимпиада жабылғаннан кейін жеті күн өткенге дейін жалғасатын кезеңде олимпиялық бітімгерлікті сақтауға шақыру, сондай-ақ спортшыларға, ресми тұлғаларға және аккредитацияланған барлық адамдарға қауіпсіз жолда жүруді, қатысуды және қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Бұдан бөлек, резолюция «барлық мүше мемлекеттерді Олимпиада және Паралимпиада ойындары кезінде және олар аяқталғаннан кейін, спортты бейбітшілікке, диалогқа, төзімділікке және татуласуға ықпал ететін құрал ретінде пайдалану жөніндегі күш-жігерінде Халықаралық олимпиялық комитет және Халықаралық паралимпиялық комитетпен ынтымақтасуға» шақырады.

Материалда атап өтілгендей, Олимпиада ойындары 2026 жылдың 6–22 ақпаны аралығында Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін Халықаралық олимпиялық комитеттің (ХОК) Олимпиада ойындарында трансгендер спортшылардың әйелдер жарыстарына қатысуына тыйым салатыны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар