БҰҰ 2026 жылы 135 млн адамға гуманитарлық көмекке 33 млрд доллар сұрады
АСТАНА. KAZINFORM — Келесі жылы 50 елдегі 135 миллион адамды қолдау үшін гуманитарлық ұйымдарға 33 миллиард доллар қажет болады. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтары хабарлады.
БҰҰ және оның серіктестері соғыстан, климаттық апат, жер сілкінісі, індет пен аштықтан зардап шеккен 87 миллион адамға жедел көмек көрсету үшін алдымен 23 миллиард доллар бөлуді сұрап отыр.
Бұл қаражат дүйсенбі күні жарияланған 2026 жылға арналған Жаһандық гуманитарлық жоспардың бір бөлігі.
— Бұл үндеу біздің ортақ күшіміздің ең алдымен қандай бағыттарға шоғырлануы керектігін айқындайды, — деді құжатты таныстырған БҰҰ-ның төтенше көмек жөніндегі үйлестірушісі Том Флетчер.
Жаңартылған жоспар биылғы жылы Гуманитарлық бағдарламалардың күрт қысқаруы, сондай-ақ гуманитарлық ұйымдардың қызметкерлеріне жасалған шабуылдарының рекордтық саны аясында ұсынылды.
Құжатта 29 дағдарыс ошағына арналған егжей-тегжейлі жоспар қамтылған. Ең ауқымдысының бірі — оккупацияланған Палестина аумағы, мұнда үш миллион адамға көмек көрсету үшін 4,1 миллиард доллар жинау қажет.
Суданға 20 миллион адамға өмірлік маңызды көмек көрсету үшін 2,9 миллиард доллар қажет.
Сонымен қатар елден қашқан жеті миллион судандықты қолдау үшін қосымша 2 миллиард доллар керек.
Ең ірі өңірлік сұраныс Сирияға қатысты — 8,6 миллион адамға көмек көрсету үшін 2,8 миллиард доллар.
2026 жылы Украинадағы 4,1 миллион тұрғынды қолдау үшін гуманитарлық құрылымдар 2,3 миллиард доллар сұрап отыр.
Том Флетчер 2025 жылға арналған гуманитарлық жоспарға небәрі 12 миллиард доллар бөлінгенін, бұл соңғы он жылдағы ең төмен көрсеткіш екенін еске салды. Соның салдарынан былтырғы жылмен салыстырғанда 25 миллион адамға кем көмек көрсетілген.
Бұл салдардың ауыр болғанын атап өтті: адамдар азық-түлікке жарымай қалды, денсаулық сақтау жүйелері жүктемеге төтеп бере алмады, «ал Судан мен Газаның бірқатар өңірінде жаппай аштық жайлады».
— Әйелдер мен қыздарды қорғау бағдарламалары қысқартылды, жүздеген гуманитарлық ұйым жабылды. Ал гуманитарлық жүйе қызметкерлерінің 380-нен астамы қаза тапты, бұл рекордтық көрсеткіш, — деді БҰҰ басшысының орынбасары.
БҰҰ-ның төтенше көмек үйлестірушісі сондай-ақ гуманитарлық құрылымдардың қызметкерлері қаржылық тапшылық жағдайында және толассыз соққының кезінде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, гуманитарлық қауымдастық өтініштерінің тек 20 пайызы ғана қаржыландырылады.
Айта кетелік БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Украинаға қатысты жиын өткізетіні туралы жазған едік.