БҰҰ: Африка жаһандық аштықтың эпицентріне айналды
АСТАНА. KAZINFORM — Дүйсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі мен аштыққа тікелей себеп болған қақтығыстардың салдары әрі оның қозғаушы күш ретіндегі рөліне арналған ашық пікірталас өтті. БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мохаммед өз сөзінде соғыс пен аштықтың кесірінен болған «дағдарыстың екі ұшы бар» екенін атап өтті, деп жазды БҰҰ ресми сайты.
Оның айтуынша, қарулы қақтығыстар ауыл шаруашылығы алқаптарын, нарықты, жолдарды бұзады, ал аштық «үмітсіздікті күшейтеді, ал үмітсіздік босқынға айналуды және зорлық-зомбылықты арттырады».
Мохаммедтің сөзінше, әлемдегі 16 ірі аштық ошағының 14-інде азық-түлік тапшылығына тікелей қарулы қақтығыстар себеп болып отыр.
— Суданда, әлемдегі ең ауқымды азық-түлік дағдарысы жүріп жатқан жерде, Дарфур мен Кордофандағы зорлық аштықты күшейтіп жіберді. Газада тамыз айында аштық ресми түрде расталды және жағдай әлі де ауыр. Гаити, Йемен, Сахель аймағы және Конго Демократиялық Республикасында миллиондаған адам аштық пен қақтығыс тудырған тұйық шеңберден шыға алмай отыр, — деді ол.
Жаһандық әсері
Бас хатшының бірінші орынбасары тұрақсыздықтың жаһанға тигізген кері әсеріне де назар аударды:
— Еуропадағы соғыс дәнді дақылдар экспортын бұзып, Африка, Латын Америкасы және Азияда азық-түлік дағдарыстарын тудырды. Нарықтар дүрлігіп, инфляция өсті, миллиондаған адам аш қалды, — деді ол.
Ол сондай-ақ азық-түліктің соғыста қару ретінде қолданылуы фактілеріне алаңдаушылық білдірді:
– Адамдарды әдейі тамақтан айыру — соның ішінде Газада — азық-түлікті қару ретінде пайдалану тактикасына айналды, – деді Бас хатшының бірінші орынбасары.
Ауыл шаруашылығы жүйелерінің бұзылуы, сауда жолдарының бөгелуі, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымның жойылуы жағдайды ушықтырып отыр.
Мохаммед климаттың өзгеруі де дағдарысқа айтарлықтай салмақ салып, шиеленістіретінін айтты:
– Су тасқыны егіс алқаптарын шайып кетеді, құрғақшылық алқаптарды тозаңға айналдырады, температураның көтерілуі жайылымдарды жойып жіберіп жатыр, – деді ол.
Ол төрт негізгі бағытты ұсынды:
- Гуманитарлық қолжетімділікті қамтамасыз ету және халықаралық гуманитарлық құқықты сақтау;
- Ұзақ мерзімді инвестициялар арқылы тұрақты азық-түлік жүйелерін құру және оларды әлеуметтік қызметтер мен нарықтармен байланыстыру;
- Климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту бойынша шаралар;
- Қақтығыстарды саяси жолмен реттеу — жалғыз тұрақты шешім.
Гуманитарлық қолжетімділік және бейбіт тұрғындарды қорғау
БҰҰ гуманитарлық мәселелер жөніндегі басшысының орынбасары Джойс Мсуя (Том Флетчердің атынан сөйлеп), ең ауыр азық-түлік дағдарысы — Газа мен Судандағы аштық — ең алдымен қарулы қақтығыс пен зорлық-зомбылықтың салдарынан болғанын атап өтті.
Ол Йемендегі жағдайды да сипаттап:
– Инфрақұрылымның жойылуы импортты қиындатады; қақтығыс халықтың орын ауыстыруына және экономикалық құлдырауға әкеліп отыр, гуманитарлық қолжетімділіктің шектелуі мен қауіпсіздіктің төмендігі көмек жеткізуге кедергі келтіреді, – деді ол.
Мсуя аштықтың қауіпті салдарына тоқталды:
– Аштық адамдарды жыныстық зорлық-зомбылыққа әрі күштеп көшіруге мәжбүрлеу қаупін арттырады, өйткені адамдар тек өздерін асырау үшін күреседі. Әсіресе әйелдер зардап шегеді, жиі өз қажеттіліктерін емес, отбасының жағдайын бірінші орынға қояды, – деп атап өтті баяндамашы.
Ол халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын еске салды:
-
Бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымды қорғау міндетті.
-
Аштықты соғыс әдісі ретінде қолдануға тыйым салынған.
-
Азаматтардың өмір сүруіне қажетті нысандарға шабуыл жасауға немесе оларды жоюға болмайды.
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) бас экономисі Максимо Тореро азық-түлік дағдарысын бақылау және алдын ала шаралар қабылдау үшін Интеграцияланған азық-түлік қауіпсіздігі фазалары классификациясының (IPC) рөлін түсіндірді.
IPC әлемдік деңгейде аштықтың басталғанын немесе басталу қаупін анықтауға көмектеседі. Өткен жылы Аштықты бақылау комитеті аштықты үш рет растады:
-
екі рет Суданда (желтоқсан 2024 және қараша 2025),
-
бір рет Газада (тамыз 2025).
— Бұл — қақтығыс салдарынан туындаған аштық мәселесінің бір жыл ішінде екі тіркелуі алғаш рет болып отыр, — деді Тореро.
Ол ерте ескерту жүйелерінің маңызын атап өтті:
— Аштық басталғанын күтіп барып әрекет ету — тым кеш әрекет ету деген сөз. Судан мен Газада IPC ерте ескертулер беріп, ең ауыр салдарды болдырмауға шақырды, — деді ол.
Африка: ауқымды азық-түлік дағдарысы
Африка одағының азық-түлік жүйелері жөніндегі арнайы елшісі Ибрагим Маяки Африканың жаһандық аштықтың эпицентріне айналғанын айтты:
аймақтағы халықтың 20,4%-ы азық-түлік тапшылығын бастан кешіріп отыр, бұл — әлемдік көрсеткіштен екі есе жоғары.
Суданда 25,6 млн адам, яғни халықтың 54%-ы, тамақ тапшылығынан зардап шегіп отыр. Конго Демократиялық Республикасында және Сахель аймағында жағдай өте ауыр — миллиондаған көшіп-қонушылар, миллиардтаған доллар экономикалық шығын.
«Азық—түліктің жеткіліксіздігі Африка экономикасынан жыл сайын 25 млрд доллардан астам шығын әкеледі. Шұғыл шараларсыз миллиондаған адам апаттық аштыққа тап болады, ал тұтас аймақтар орны толмас құлдырауға ұшырауы мүмкін, — деп ескертті ол.
Маякидің айтуынша:
-
1961 жылдан бері Африка ауыл шаруашылығы өнімділігінің 34%-ын жоғалтқан;
-
экстремалды ауа райы салдарынан жаһандық шығындардың 35%-ы осы құрлыққа тиесілі;
-
халықтың тек 40%-ында ғана ерте ескерту жүйелеріне қолжетімділік бар;
-
2025 жылы азық-түлік импорты 110 млрд долларға жетуі мүмкін (2019 жылы 43 млрд болған).
Сонымен қатар гуманитарлық қаржыландыру күрт төмендееген: 2023 жылы азық-түлік секторына қолдау 30%-ға азайған, 2024 жылы да төмендеу жалғасқан.
Маяки өз сөзін қорытындылай келе:
— Африкада қақтығыс пен аштықтың байланысы өте терең әрі бір-бірін күшейтеді.
Бейбітшілік орнамайынша — Африка өзін азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайды,
ал азық-түлік қауіпсіздігісіз — тұрақты бейбітшілік те мүмкін емес, — деді.
Еске сала кетейік, бұған дейін БҰҰ Судан халқының үштен екі бөлігі гуманитарлық көмекке зәру екенін хабарлаған еді.